Атыраудың 7 ауданы мен Теңіз кенішінде коронавирусқа шалдыққандар анықталды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының 7 ауданы мен Теңіз кенішінде коронавирусқа шалдыққандар анықталды. Қазір өңірдегі инфекциялық стационарларда 485 науқас жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар барлық аудан мен Теңіз кенішінде анықталып отыр.

«Өңірдегі инфекциялық стационарларда емделіп жатқан науқастардың саны 485 адамға жетті. Оның ішінде модульдік ауруханада – 185, №2 облыстық ауруханада – 135, аудандардағы стационарларда – 112, Теңіз кен орнындағы стационарда 53 адам емделіп жатыр. Ал, үй жағдайында емделуге оқшауланған науқастар саны – 420 адам» деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Соңғы күндері өңірде қауіпті вирусты жұқтырушылар саны көбейіп барады.

Мәселен, өткен тәулікте 137 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Оның ішінде 92 науқас Атырау қаласында тіркелген.

Сондай-ақ, Құрманғазы ауданында 9, Индерде 8, Жылыойда – 7, Исатайда – 7, Махамбетте – 5, Мақатта – 3, Қызылқоға ауданында 2 адамнан вирус белгісі анықталған.

Ал, Теңіз кенішінде 4 жұмысшы қауіпті індетке шалдыққан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 18 адам үнді штамын жұқтырып алғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар