Атыраудың бір мектебі онлайнға көшіп, тағы бірі сенбіде оқитын болды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласындағы бір мектепте сейсенбінің сабағы онлайн форматқа көшірілді. Ал екінші білім ордасындағы сабақ сенбіге ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырау облысы Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 қыркүйекте мұнайлы шаһардың кейбір бөлігіне суық су уақытша берілмейді.
«Атырау қаласының Құрманғазы көшесіндегі Дәріхана басқармасының ғимаратынан «Тоқаш» дүкенінің маңайындағы К.Мәденов көшесіне дейінгі аумақта диаметрі 600 мм құбыр жапқышын ауыстыру жұмысы жүргізіледі. Осыған байланысты 12 қыркүйекте жергілікті уақытпен сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін кейбір мекенжайларға суық су беру уақытша тоқтатылады», - деп мәлім етті кәсіпорыннан.
Осыған байланысты «Лесхоз», «Нұрсая» және «Самал» шағын аудандарындағы 15 тұрғын үй кешені мен жеке иеліктегі үйлердің тұрғындары салқын сусыз отырады. Соңдай-ақ бірнеше кеңсе мен «Сарайшық» коммуналдық базарына, 3 мектеп пен 2 балабақшаға, 1 колледжге су берілмейтіні белгілі болып отыр.
Назарбаев Зияткерлік мектебі мен әл-Фараби атындағы білім ордасының әкімшілігі бірінші ауысымдағы сабақтың онлайн фортматқа көшірілгенін хабарлады.
«Техникалық себепке байланысты су болмайды. Сол себептен, мектебіміздің бірінші ауысымы онлайн форматта оқиды деген шешім қабылданды. Ал екінші ауысым бойынша шешім таңертеңгі жағдайға байланысты қабылданады», - делінген әл-Фараби атындағы мектептің әкімшілігі таратқан ақпаратта.
Ал Назарбаев Зияткерлік мектебінде сейсенбіде сабақ өткізбеуге шешім қабылданған. Бұл күнгі сабақ сенбіге ауыстырылды.