Атыраудың бірнеше шағын ауданына электр энергиясы берілді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласының бірнеше шағын ауданына электр энергиясы берілді. Бірақ екі мектептің оқушылары сабақты онлайн форматта оқиды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласындағы Геолог, Жұлдыз, Томарлы, Бірлік, Вокзалмаңы шағын аудандарында электр қуаты қалпына келтірілді.

«Қарашаның 13-інен 14-іне қараған түні Атырау қаласындағы Бірлік шағын ауданында орналасқан №18 қосалқы электр станциясында өрт болды. Соның салдарынан мұнайлы шаһардың бірнеше шағын ауданы жарықсыз қалып, кейбір білім беру мекемелерінде сабақ онлайн форматта өткен еді. Қазір электр энергиясын жеткізетін желідегі апат салдары жойылды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесін жеке бақылауында ұстап отыр», -деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, 15 қарашада Бірлік шағын ауданында орналасқан №35 балабақша балақайларды қабылдамайды. Сондай-ақ, Б.Нысанбаев атындағы және Геолог елді мекеніндегі №36 орта мектеп 15 қарашада сабақты онлайн форматта оқиды. Бүгін түске дейін электр жарығы қосылса, аталған білім ордаларының екінші ауысымдағы оқушылары сабақты штаттық режимде оқуды жалғастырады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда электр энергиясының өшуінен мектептер онлайн оқуға көшірілгенін, Атырау жарықсыз қалып, төтенше жағдай себебі аталғанын хабарлаған болатынбыз.

Кейін Атырауда қосалқы стансадағы өрттің кесірінен 8 мың абонент жарықсыз қалғаны белгілі болған еді.

Соңғы жаңалықтар
telegram