Атыраудың кейбір бөлігінде 18 тамызға дейін ыстық су уақытша тоқтатылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласының кейбір бөлігінде 18 тамызға дейін ыстық су беру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған жылу пункттерінің жабдықтарын жөндеу себеп болып отыр.
«Қала тұрғындарына «Атырау жылу желілері» АҚ-ның жылу пункттерінің жабдықтарын тексеруге байланысты жөндеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлаймыз. Бұл – кәсіпорынның күрделі жөндеу жоспарына сәйкес атқарылатын жұмыс. Сол себептен, 14-18 тамыз аралығында жекелеген мекенжайлар бойынша ыстық су беру уақытша тоқтатылады», - деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, үш жылу пунктінде жабдықтарды жөндеу басталған. Соған байланысты «Ұшқын» орталық жылу пунктінен Азаттық, Қарымсақов, Стахановцев, М.Әуезов, Молдағалиев, Шәріпов, 8-наурыз көшелеріндегі 30, «Вокзал маңы-5 шағын ауданындағы №56 жылу пунктіне қарайтын 29, М.Баймұханов көшесінде орналасқан 3 тұрғын үйге ыстық су беру тоқтатылды.
Сондай-ақ «Лесхоз» орталық жылу пунктінен «Лесхоз» шағын ауданындағы 38, ал Медеубаев көшесіндегі бір үйдің тұрғындары ыстық сусыз отыр.
Ал бүгін, 15 тамызда Ә.Молдағұлова көшесіндегі Д-355 мм су құбырында авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Сол себептен сағат 10:00-ден 18:00-ге осы маңдағы 14 көшеде орналасқан тұрғын үйлер мен кеңселерге, өзге де нысандарға салқын су беру тоқтатылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың бір бөлігінде тағы 4 күн ыстық су болмайтынын жазған едік.
Кейін кәріз коллекторындағы ақаудан бір шағын аудан сусыз қалғанын хабарлаған болатынбыз.