Атыраудың мемлекеттік кірістер басқармасы бастығының орынбасарына 5,6 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. КАЗИНФОРМ - Сот Атырау қаласы кірістер басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Ырзағұловаға пара алғаны үшін 5,6 млн теңге айыппұл салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атыраудың мемлекеттік кірістер басқармасы бастығының орынбасарына 5,6 млн теңге айыппұл салынды

«Сот Ырзағұловаға өзі алған параның 70 есе көлемінде айыппұл салып, оны кінәлі деп тапты. Оның қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкі тәркіленді. Сонымен қатар сотталған азамат өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтын болды»,-деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Осыған дейін мәлім болғанындай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдері бірнеше мәрте пара алғаны үшін Атырау қаласының кірістер басқармасы бастығының орынбасары А.Ырзағұлованы ұстады.

Оған салық есебін өткізіп, есепшотарды ашу, қосылған құн салығын кедергісіз есепке қою үшін жүйелі түрде бірқатар кәсіпкерлерден қаржы және материалдық құндылықтар түрінде сыйлық алып келді деген айып тағылды. Ол өзінің кезекті парасын - 130 мың теңгені алу кезінде қолға түсті. Шененунік өзінің кінәсін толық мойындап, процессуалдық келісім жасау жөнінде өтініш берді.