Атыраудың оқушылары жемқорлықты әшкерелеген суреттер салды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудың жас суретшілері жемқорлыққа қарсы республикалық конкурстың жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атыраудың оқушылары жемқорлықты әшкерелеген суреттер салды

«Жастардың әлеуметтік және тұрақты даму қоры» ҚҚ «Адал еңбектің жарқын бейнесі» тақырыбында жас суретшілердің республикалық байқауын өткізді. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қолдау көрсетті. Бұл конкурс халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналған.

Байқауға еліміздің әр өңірінен 7-9 сынып оқушылары қатысқан. Ал Атырау облысынан 60 жас суретші бақ сынаған. Оның арасынан 10 үздік суретші мен 3 жеңімпаз анықталды.

Бірінші орынды Қ.Сәтпаев атындағы орта мектептің оқушысы Аида Діңқайыр иеленді. Ал, Ф.Досымова және М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептердің оқушылары Аружан Бибосын мен Жұлдыз Сағынованың суреттері екінші, үшінші жүлдеге ие болды.

Жеңімпаздарға планшет, суретшіге арналған жиынтық, смарт сағат табысталды.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Атырауда үйдің қабырғасына жемқорлық тақырыбында карта салынған болатын.