Атыраудың Жылыой ауданында 900-ге жуық «Сергек» камерасы орнатылады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудың Жылыой ауданындағы елді мекендерге 900-ге жуық камера орнатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаевтың айтуынша, бейнеақылау камералары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орнатылады.

«Биыл «Сергек» бейнебақылау және ақпараттық бағдармалық кешенін орнату жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес жалпы 850 бейнебақылау камерасы мен 24 қиылысқа ақпараттық бағдарламалық кешенін орнату көзделіп отыр. Камералар аудан орталығы – Құлсары қаласының қылмыс оқиғасы көп тіркелетін аумақтарына, аулаларға, халық көп шоғырланған алаңдарға, Жаңа Қаратон кентінің, сондай-ақ Қосшағыл, Тұрғызба, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Майкөмген ауылдық округтерінің көшелері мен кіреберісіне қойылады. Камераларды орнату жұмысы жыл соңына дейін толық аяқталады», -

деп хабарлады Ержан Хайноллаев.

Оның айтуынша, камералар бейнефотоға түсіреді. Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін тануға болады. Сондай-ақ жүргізушілердің жылдамдықты асыру, тоқтау сызығын кесу, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кету, жолды белгілеу талаптарын сақтамау, қоғамдық көлік жолағымен жүру секілді ережелерді бұзу дерегі анықталады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын жастары жиі төбелесетін Сағыз ауылында 50 бейнекамера орнатылатынын хабарлаған болатынбыз.

Облыс әкімі СЕрік Шәпкеновтің мәліметінше, Сағыз ауылында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін биыл 50 бейнебақылау камерасы орнатылады. Полиция бөлімшесінің жаңа ғимаратын салу жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар