Атырауға алдағы күндері тағы 40 тонна дәрі-дәрмек жеткізіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауға алдағы күндері тағы 40 тонна дәрі-дәрмек жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырауға алдағы күндері тағы 40 тонна дәрі-дәрмек жеткізіледі

Атырауға дәрі-дәрмектердің кезекті партиясы жеткізілді. 26 шілдеде түнде ең қажетті дәрі-дәрмек тиеген тағы бір жүк ұшағы Ресейден Атырауға келіп қонды. Ресей әкелінген 20 тоннаға жуық дәрі-дәрмектің ішінде антибиотик пен дене қызуын түсіретін дәрілік заттар бар.

Олар бірнеше күннің ішінде қала мен аудандардағы дәріханаларға жеткізіледі.

«Соңғы екі аптада өңірімізге 80 тоннадан аса дәрі-дәрмек шұғыл түрде жеткізілді. Соған қарамастан, біраз дәріханаларда вирусқа қарсы және қызу түсіретін дәрі әлі де болса жеткіліксіз екенін анықтадық. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен «Атырау« әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан арнайы қаражат бөлінді. Ол ақшаға дистрибьютор компания көтерме айналым қаражатын қайтару шартымен тікелей Нижний Новгородтан 20 тоннаға жуық медикаменттік заттар сатып алып, бүгін Атырауға жеткізді», - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов.
Оның айтуынша, аспирин, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон, система қоюға арналған сұйық және офлоксацин секілді басқа да қажетті дәрілік заттар бар.

Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен алдағы 3-4 күн ішінде тағы да 40 тонна дәрі-дәрмек келеді деп күтіліп отыр.
Ержан Әбілхановтың айтуынша, препараттарды жылдам жеткізу үшін ТШО компаниясы ұшақ беріп көмектескен. Сонымен қатар, ол бұл медициналық препараттардың гуманитарлық көмек емес екенін атап өтті.