Атырауға халықаралық рейспен келген жолаушылардан коронавирус анықталмады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауға халықаралық рейспен келген жолаушылардан коронавирус анықталмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше, 6 қазанда Атырауға Ыстанбұлдан әуе бортымен 115 жолаушы келген еді. Оның 20-да ПТР-тест қорытындысы туралы анықтама болмаған. Сол себепті карантин стационарына жатқызылған еді.
«Бүгін таңертең тест қорытындысы белгілі болды. Карантин стационарындағы жолаушылардан коронавирус анықталған жоқ» деп хабарлады Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Гүлназ Ербатырова
Оның айтуынша, түнде Атырауға Амстердамнан тағы бір ұшақ келіп қонған. Бұл рейстегі 48 жолаушының үшеуінде тиісті анықтама болмаған.
Анықтамасы жоқ жолаушылар карантин стационарына орналастырылған. Олардан да ПТР-тест қорытындысы бойынша COVID-19 инфекциясы анықталмаған.
Еске сала кетелік, кеше Атырауға Ыстанбұлдан ұшып келген 20 жолаушы карантинге жатқызылған болатын.