Атыраулық 15 жыл бұрын сатқан көлігінің салығын төлеп келген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғыны 15 жыл бұрын сатқан көлігінің салығы мен айыппұлын төлеп келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Атырау қаласында тұратын 57 жастағы тұрғын «ГАЗель» автокөлігін 2008 жылы сатып жіберген. Алайда, сол кезден бері сатқан автокөліктің салығы мен айыппұлын төлеп келген.

«Соңғы бес жылдан бері бұрынғы көлігін өзінің иелігіндегі есептен шығару үшін іздестіруге кіріскен. Сөйтіп, былтыр Атырау облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Мәжитовтің қабылдауына келіп, шағым түсірген. Полиция қызметкерлері атыраулық тұрғынның сатқан автокөлігі Алматы облысының Қаскелең қаласында екенін анықтады. Көлік бұрынғы иесінің есебінен шығарылды. Ал, қазіргі иесі 800 мың теңге салығы мен айыппұлдарын өтеуге келісіп отыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда айыппұлы төленбеген шетелдік тіркеудегі көліктер арнайы тұраққа жеткізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

«Атырау қалалық полиция басқармасы Жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері жергілікті уақытпен 12:55 шамасында «Interceptor» іздеу жүйесі арқылы Грузия Республикасында тіркеуде тұрған «Chevrolet» маркалы автокөлігінің қозғалыс бағытын анықтады. Өйткені, бұл көліктің жүргізуші бірнеше айыппұлын төлемей жүрген борышкерлердің тізімінде тұр. Сол себептен, патрульдік полиция көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің төленбеген 37 айыппұлы бары белгілі болды, көлемі 900 мың теңгеден асады», - деп хабарлаған еді департаменттің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар
Референдум