Атыраулық 3 науқас 380 млн теңгенің қымбат дәрісімен қамтылған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Былтыр «Қазақстан халқына» қоры арқылы атыраулық 4 науқас қымбат дәрімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 3 науқасқа 380 млн теңгенің дәрісі сатып алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, былтыр облыстық денсаулық сақтау басқармасы үш науқастың қымбат дәрі қамтылуын ұйымдастырған. Ал, бір науқас «Қазақстан халқына» қорына өзі жүгінген.

«Өткен жылдың сәуір айында Атырау облысынан «Берардинелли Сейптің жалпыланған липодистрофиясы» диагнозымен екі бала «Метрелептин» дәрілік затымен қамтылды. Дәрінің жалпы құны – 201 млн теңге. Ал, қараша айында «Дюшенді бұлшықет дистрофиясы» диагнозы қойылған 18 жасқа толмаған науқас 179 млн теңге тұратын «Касимерсен» дәрілік затымен қамтылды. Атырау қаласынан «Қазақстан халқына» қорына өзі көмек алуға жүгінген онкологиялық есепте тұрған науқасқа өткен жылдың мамыр айында «Рибоциклиб» дәрісі алынып берілген», -деп хабарлады өңіплік коммуникациялар қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда балалар ауруханасына 126 млн теңгенің үш препараты сатып алынғанын хабарлаған едік.

Облыстық балалар ауруханасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Нусинерсен (Спинраза) препаратының біреуі 42 млн теңге тұрады.

«Нусинерсен препараты омыртқадағы жұлынның бұлшық ет атрофиясын емдеуге арналған. Ерітінді омыртқаға егіледі. Жұлынның бұлшық ет атрофиясы немесе SMA – жұлынның алдыңғы мүйіздеріндегі моторлы нейрондарының үдемелі дегенерациясынан туындаған генетикалық гетерогенді тұқым қуалайтын, әрі емделмейтін ауру. Басқаша айтқанда, адамның бұлшық еттері мүлдем жұмыс істемей қалады. Ал, Нусинерсен (Спинраза) препараты осындай сырқатқа шалдыққан балалардың өмірін едәуір жеңілдетеді», -деп хабарлады балалар ауруханасының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар