Атыраулық балғын қыз Түркиядағы сұлулық байқауына қатысады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Кішкентай ханшайым мен әлем ханзадасы» халықаралық байқауына Қазақстан атынан Алтынай Рамазанова қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраулық балғын қыз Түркиядағы сұлулық байқауына қатысады

«Атыраудың кішкентай тұрғыны Алтынай Рамазанова «Мини ханзада және Азия ханшайымы» республикалық байқауында гран-при ұтып алған болатын. Осылайша, ол «Кішкентай ханшайым мен әлем ханзадасы» халықаралық байқауында Қазақстан намысын қорғамақ. Алтынай небәрі 4 жасында «Атыраудың кішкентай ханшайымы - 2018» байқауында жеңімпаз атанған еді. «Мини ханзада және Азия ханшайымы» сынды республикалық деңгейдегі конкурсқа алғаш рет қатысқан болатын. Сұлулық байқауына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 30 бала жиналды. Алтынай қазылар алқасына өзінің сүйкімділігімен және балалық табиғи болмысымен әсер ете алды», - деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Алтынай Рамазанованың ата-анасы онлайн-журналмен келісімшартқа отырды. Атыраулық балғынның бейнесі оның мұқабасына орналастырылатын болады.

Халықаралық байқау мамыр айында Түркияның Бодрум қаласында өтеді.


Авторы: Андрей Соколов