Атыраулық дәрігерлер ірі жол апатынан зардап шеккендердің өмірі үшін күресуде

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулық дәрігерлер ірі жол апатынан зардап шеккен адамдардың өмірі үшін күресуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атыраулық дәрігерлер ірі жол апатынан зардап шеккендердің өмірі үшін күресуде

Еске салайық, бейсенбі, 8 маусым күні таңертең Атырау-Астрахань тасжолында «Тойота Ланд Крузер» мен «Лада Гранта»көліктері соқтығысып, салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен ондағы төрт жолаушы оқиға орнында ажал құшты. Олардың арасында үш жасар бала бар.

«Жолаушылардың бірі ғана - 37 жастағы ер адам аман қалды. Ол жабық бас-ми жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілді. Зардап шегуші гаметома, бас миына ауыр дәрежеде соққы алу, өкпе тұсына соққы алу, қабырғаның жабық күйде сынып, орнынан жылжуы диагноздарымен түскен болатын. Бірнеше сағатқа созылған операция аяқталды. Зардап шегушінің бас сүйегіне трепанация жасалып, гематома алынды», - деп хабарлады облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Алуадин Нұрбердиев.

Сондай-ақ оқиға кезінде жол талғамайтын көлікте болған екі адам зардап шекті. Олар да облыстық ауруханаға жеткізіліп, урология және травматология бөлімшелеріне жатқызылды. Әртүрлі дәрежедегі сынық жарақаттарын алған оларға да ота жасалды.