Атыраулық депутат оқушыларға коворкинг орталығын ашып берді

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының қолдауымен №2 Ж.Нәжімеденов атындағы орта мектеп жанынан бой көтерген орталық заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда балалардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне барлық жағдайлар қарастырылған. Алдағы уақытта бұл жерде балалар мен ата-аналарға арналған түрлі тренингтер мен интеллектуалдық сайыстар мен сабақтар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Балалар орталығының ашылуына өңірге белгілі меценат, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Семғалиев демеушілік етті.
«Мектеп, кітапxаналар жанынан балалар коворкинг орталықтарын ашу қазіргі заман талабы. Бұл демалыс аймақтары балалардың ой-өрісін, шығармашылығын дамытуға бағытталған. Ең бастысы - орталықта түрлі танымдық шаралар мен еркін форматтағы басқосулар өткізулер арқылы балалардың өзара қарым-қатынастарын нығайтуға жағдайлар жасалған. Айта кету керек бұл әзірге Атырау қаласындағы мектеп жанынан ашылған алғашқы орталық, алдағы уақытта «нұротандықтардың» қолдауымен олардың саны артады деп күтілуде», - дейді Әлібек Семғалиев.
«Мектеп жанынан коворкинг орталығы бой көтергеніне ата-аналар да дән риза. Білім ошағында балалардың бос уақыттарын тиімді өткізетін орынның ашылуын «нұротандықтардың» болашақ ұрпаққа деген қамқорлығы деп түсінемін», - дейді Райгүл Әлімжанова.
Айта кетелік, өңірде бұдан басқа «Қазақстан кітапханалары - Білім орталықтары» партиялық жоба аясында 10 кітапхана жанынан коворкинг орталықтары ашылған.