Атыраулық дзюдошы қыз Еуропа кубогінің күміс жүлдесін иеленді

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық дзюдошы қыз Еуропа кубогінің күміс жүлдесін иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Еуропа кубогі 15-16 сәуірде Хорватияда өткен.

«Хорватия Республикасының Дубровник қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Еуропа Кубогі өтті. Бұл додаға әлемнің 24 елінен 308 спортшы қатысты.

Қазақстанның намысын қорғаған ұлттық құраманың сапындағы атыраулық дзюдошы Эсимгуль Куюлова 63 келі салмақта күміс жүлдеге ие болды», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еуропа кубогінің іріктеу кезеңінде қазақстандық дзюдошы Дания мен Хорватиядан, Голландия елінен қатысқан балуандарды ұтқан. Ал, жартылай финалда Хорватияның тағы бір спортшысынан басым түскен. Тек ақтық сында Германия елінің спортшысынан ұтылды.

«Эсимгуль Куюлова – осындай додалардың жүлдесін иеленген тәжірибелі спортшы. Ол былтыр жастар арасында дзюдодан Азияның екі дүркін чемпионы атанған еді. Сол жылы Испанияның Малага қаласында дзюдодан өткен Еуропа кубогінің алтын медальін иеленді.

Бұл додада Испания мен Германияның спортшыларын қапы қалдырды. Жартылай финалда тағы бір неміс, ақтық сында француз қызынан басым түскен еді», -деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық таеквондошы әлем чемпионатының іріктеу турнирінен алтын медаль алғанын жазған едік.

Словенияың Любяна қаласында өткен іріктеу турнирінде Мария Севостьянова 57 келі салмақта алтын медальды жеңіп алған. Оны сайысқа жаттықтырушы Сәуле Сардарова дайындаған.


Соңғы жаңалықтар