Атыраулық каратэші Әбілмансұр Батырғали Азия чемпионы атанды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау халықаралық әуежайында Азия чемпионы атанған каратэші Әбілмансұр Батырғалиді жақын туыстары, достары салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраулық каратэші Әбілмансұр Батырғали Азия чемпионы атанды

«Қайсар» спорт клубының тәрбиеленушісі жапондық Окинава аралында каратэ-додан ересектер мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатына қатысты. Байрақты бәсекеде түрлі мемлекеттерден 700-ге жуық спортшы бақ сынады. Жарыста әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері де бақ сынады.

null17 жастағы атыраулық Әбілмансұр Батырғали 68 кг дейінгі салмақ дәрежесінде және «юниорлар» жас санатында сынға түсті. Спортшы 4 кездесу өткізіп, Шри-Ланка, Өзбекстан, Таиланд және Ирандық қарсыластарынан басып түсіп, Азия чемпионы атанды.

null«Ең қиын кездесу финалда ирандық спортшымен болды. Барлығына белгілі, Иранда барлық жекпе-жек түрлері жақсы дамыған, қарсыласым өте жақсы дайындалған, сондықтан біздің соңғы сәтке дейін ұпайымыз бірдей болды. Бірақ, маған жеңіс бұйырды», - дейді Әбілмансұр Батырғали.

nullЖаттықтырушы Сансызбай Торғаевтың айтуынша, дода жасөспірімдерге бұдан да жоғары деңгейдегі жарыстарға жолдама берді.

null«Алдағы уақытта Әбілмансұр Болгарияда өтетін жастар арасындағы халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысады. Онда жеңген спортшы Аргентинадағы Буэнос-Айрес қаласындағы жастар Олимпиадасына жолдама алады»,- дейді Сансызбай Торғаев.

Айта кетейік, 17 жастағы Әбілмансұр Батырғали өткен жылы Астанада өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын, сол жылы каратэ-додан Әлем кубогінің иегері болды, спорт шеберіне үміткер.