​Атыраулық кәсіпкер Ибрагим Ақдрашев Баян Есентаевамен байланысын жоққа шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда ғаламторда Баян Есентаева мен оның бұрынғы күйеуі арасында болған жанжал продюсердің танымал атыраулық кәсіпкер, NSS ("НефтеСтройСервис") компаниялар тобының қожайыны Ибрагим Ақдрашевпен қарым-қатынасы болуынан орын алды деген ақпарат пайда болды.

​Атыраулық кәсіпкер Ибрагим Ақдрашев Баян Есентаевамен байланысын жоққа шығарды

«Ақ Жайық» газетінің жазуынша, мұндай ақпаратты әлеуметтік желідегі өз парақшасында Ринат Бектасұлы деген пайдаланушы таратқан. Кейін бұл мәлімет ақпараттық порталдар мен республикалық газеттердің сайттарында жариялана бастады. Алайда сәл кейінірек Р.Бектасұлы өз парақшасындағы бұл постыны жойып тастады.

Ибрагим Ақдрашев болса, бұл әңгіменің шындыққа жанаспайтынын айтты. «Бұл жарияланымдардың барлығы - мүлдем өтірік, мен Баян Есентаевамен таныс емеспін. Тіпті өмірімде оны бетпе-бет көрген де емеспін. Мен бұл лас қауесеттерге мән бермес едім, алайда Есентаеваның өмірінде сұмдық отбасылық трагедияның орын алғаны белгілі. Қазақстандықтар секілді, мен де тек аяушылық пен шынайы тілектестік білдіре аламын. Мен туралы жалған ақпараттың таралуына келер болсақ: бұл бірінші рет орын алып отырған жоқ. Айтпақшы, жала жапқаны үшін бірнеше жыл бойына мұндай іспен әлденеше рет айналысқан екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Және соңғы шыққан жалған жарияланымға қатысты мәселемен де біздің заңгерлеріміз айналысуда», - деді ол.