Атыраулық құтқарушылар өртенген қорадан 50 литр газ баллондарын алып шықты

Облыстық төтенше жаңдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт 6 маусымда Мақат ауданында болған.
«Департаменттің диспетчерлік пультіне 6 маусым күні сағат 15:16-да Мақат ауданында тұтанған өрт туралы хабар түсті. Жалын №402 теміржол бекетіндегі «Азамат» жеке шаруашылығына қарасты қыстақтың қорасынан шыққан. Өрт сөндірушілер жалын шарпыған қорадан 50 литр 4 газ баллоны мен 50 литрлік 2 оттегі баллонын қауіпсіз жерге шығарып үлгерді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өрт сағат 16:58-де оқшауланып, сағат 17:15-те жойылды.
Ал, кешкі сағат 19:41-де Атырау-Индер бағытындағы жолда Kia Sorento түгі қалмай, жанып кетті. Көлік өрті сағат 20:21-де сөндірілді.
«Жүргізушілер өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауы керек. Өрттің алдын алу үшін көлікті техникалық тексеруден уақытында өткізіп, әрдайым өрт сөндіргіш бірге алып жүрген жөн. Көліктің мотор бөлігінде шүберек, картон, бөгде тез тұтанатын заттарды ұстамау қажеттігін ескертеміз», - деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда саяжайдағы тұрғын үйге жылан кіріп кеткенін жазған едік.