Атыраулық мұғалімдерге арналған жаңа басылым жарық көрді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда мұғалімдерге арналған «Ұстаздық еңбек» («Педагогический труд») газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді.
Құрылтайшы - Атырау облысы білім беру қызметкерлерінің кәсіби одағы, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Біздің газет айына екі рет шығып тұрады. ҚР Білім және ғылым министрлігі қабылдайтын жаңа жобалар мен бағдарламалардың көптігі сонша, мұғалімдер қажетті ақпаратты алып үлгермейді. Сабақ беру тәсілдері өзгереді, балалармен жұмыс істеудің жаңа түрлері пайда болады. Осының бәрін мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері және колледж оқытушылары жаңа газет бетінен оқи алады», - дейді «ҚР білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіби одағының Атырау облыстық филиалы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қилымғали Қайненов.
Жақын күндері газет баспа және электронды түрде өз оқырманына жетеді.