Атыраулық оқушылар халықаралық білім олимпиадасынан жеңіспен оралды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық оқушылар халаықаралық білім Олимпиадасынан жеңіспен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атыраулық оқушылар халықаралық білім олимпиадасынан жеңіспен оралды

Атыраудағы «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының директоры Руслан Сарбалиннің айтуынща, «Білім-Инновация» лицей-интернатының екі оқушысы математика және физика пәндерінен өткен халықаралық олипиадаға қатысқан.

«1959 жылы бастау халықаралық математика пәні олимпиадасы 14-25 шілдеде Ресей Федерациясында өтті. Оған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Айбек Мырзатай қатысып, бірінші жүлдені – алтын медальды жеңіп алды. Ал, 1967 жылдан бері өтетін халықаралық физика олимпиадасын Литва Республикасы ұйымдастырды. Бұл олимпиадада аталған лицей-интернаттың 10-сынып оқушысы Ризабек Алпамыс екінші жүлде – күміс медальды иеленді» -дейді Руслан Сарбалин.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов халықаралық білім додасынан жеңіспен оралған оқушыларды қабылдап, ата-анасы мен ұстаздарына алғыс айтты.

«Атырауда дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету үшін кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Қазір өңірде дарынды балаларға арналған 7 білім ордасы бар. Солардың бірі – «Білім-Инновация» лицей-интернаты. Сапалы білім алып, халықаралық олимпиадада ел абыройын биікке көтерген шәкірттерге әрдайым қолдау жасалады» -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 11-сынып оқушысы өрт сөндірушілерге арналған мобильді қосымша ойлап тапқанын жазған болатынбыз.