Атыраулық отбасы баласын емдетеміз деген желеумен Ауғанстанға аттанбақ болған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ресейге барып науқас баласына ота жасатамыз деген желеумен Ауған еліне жиһадқа аттанбақ болған отбасы Қазақстан шекарасында әуежайда ұсталды.

Бұл оқиға Атырау облысында болған еді.

Кейін адасқан отбасының отағасымен теолог, дінтанушы, Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің докторанты, республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі Серікжан Еншібай түрмеде кездесті.

Арнайы қызмет мамандары бұл отбасының шетел аспақ болған ниетін біліп қойған.

Отбасы пәтерін сатып, құжат әзірлеп, қарызға көп сомада ақша іздей бастаған.

Жақындарына Ресейге барып науқас баласына ота жасатамыз деп сылтау айтқан.

Бейбіт елінен безіп, Вазиристаннан бақыт іздеген отбасыны әуежайда тұрған жерінен ҰҚК қызметкерлері ұстады.

Кейін отағасына терроризм және экстремизм бабымен қылмыстық іс қозғалып, түрмеге жабылды.

«Мен онымен түрмеде отырғанда жолықтым. Оқиғасын өз аузынан естідім. Бұл жігіт те радикал салафизм ағымына ерген. Кейін 6 ай бойы жүргізілген оңалту жұмыстарынан соң жаймен өзінің райынан қайта бастады. Қандай қателік жасадың десем, мешітке жоламағаным – қателік болды дейді. Олар мешітке келмейді, мешітте мемлекеттің адамдары бар деп санайды. Шариғатпен істемейді. Мемлекеттік саясатты кәпір мемлекеттің саясаты деп санайды. Мешітке мүлде жоламайды. Бұлардың көсемі - Саид Бурятский болған. Олар Ресей арқылы Ауғанстанға, одан қақтығыс ордасы Вазиристанға кетпек болған. Негізі Атыраудан Вазиристанға көп адам кетті. Біздің түрмедегі кейіпкеріміз де Атыраудың Жұлдыз елді мекенінен. Барып келгендер болды. Келгендердің көпшілігі сотталды. Кетуге оқталғандар да қылмыстық іс жасады деп саналады. Шет мемлекетте болып жатқан қақтығыстарға қатысу заңмен қудаланады. Ал әйелдерге жеңілдік жасалды. Себебі олар күйеулерінің ықпалымен, айтуымен кетті. Бұл жігіттің де әйелінің арқасында кілтін таптық. Әр адамға өзінше әсер етуге тырысамыз. Күйеуіңіз әлі райынан қайтпай отыр деп әйеліне айттық. Сотталғандар отбасымен бірнеше рет кездеседі. Сол кездесуге барып жүріп әйелі де оның көзқарасына ықпал етті», - деді Серікжан Еншібай.

Санасы уланған азаматтармен жұмыс тек қана теологтың кездесуімен бітпейтіні анық. Адамды миына сіңіп қалған көзқарастан айнытуға айлар да жылдар да жетпеуі мүмкін.

Оңалтуға көнбейтіндері де бар.

Бұл жұмысқа тек қана мемлекет емес, психолог, туған туыстары, айналасы, бауырлары, тіпті БАҚ, қоғам болып атсалысуы тиіс.

Терроризм мен экстремизмнің түбіріне балта шабуға жұмылып еңбек ету керек.

Соңғы жаңалықтар
telegram