Атыраулық шаруа жүгерінің «пионер» сортынан мал азығын дайындайды
Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ермановтың айтуынша, биыл ол жүгерінің «пионер» сортын алғаш рет еккен. Қожалықтың 15 жылдық тәжірибесі бар егіншілері сынақ үшін тамшылатып суару технологиясымен 5 гектар аумаққа тұқым сеуіпті. Өнім бітік шығып, әр гектардан 400 центнер жиналған. Алдағы жылы жүгері алқабын 15-20 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Көршілес Ресейдегі тамшылатып суару әдісі арқылы жүгері өсіретін шаруалармен тығыз байланыс орнаттық. Олармен тәжірибе алмасып, біліктілігімізді арттырып келеміз. Бұл технологияны қолданған кезде су дақылдың тамырына тікелей барады. Осылайша өнім алу көрсеткіші де ұлғаяды. Алғаш еккеннен мол өнім берді. Бұл жеріміздің агротехникалық талапқа сай, ойдағыдай өнім жинауға мүмкіндігі мол екенін аңғартады. Жүгері бұрын егін егілген жерге жақсы өседі. Әзірге аз көлемде болғандықтан, оны қолмен жинадық. Алайда, өнім көлемі артса, комбайн мен арнайы техникалар қажет болады», - дейді Қоныс Ерманов.
Оның пікірінше, жүгері егуге мал азығының тапшылығы әсер еткен. Өсімдік собығын құсқа, ал сабағын малға азық ретінде пайдаланбақ. Қазір қожалықта 115 гектарға жуық егін алқабы бар. Оның 90 гектарына бақша дақылдары, 18 гектарына картоп, 5 гектарына жүгері егілген. Қожалық егіннен бөлек, мал және құс шаруашылығын қолға алған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 223 800 тонна қысқы мал азығы дайындалғанын жазған болатынбыз.