Атыраулық спортшылар Арман Әшімовке қолдау көрсетті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының спортшылары аралас жекпе-жектен «M1 GLOBAL» тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы, Ұлттық спорт түрі Жекпе-жектен тұңғыш рет өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Арман Әшімовке қолдау көрсету мақсатында бейнеролик түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраулық спортшылар Арман Әшімовке қолдау көрсетті

Спортшы Арман Әшімов Ресейде өткен чемпиондық кездесуде қолынан алған жарақатына байланысты кездесуді жалғастыра алмаған болатын.

 «Басты мақсат - ел абыройын көтеріп жүрген батырымызға демеу білдіріп, онымен бірге екенімізді көрсету. Чемпионымыздың тез жазылып, үлкен спорттық ареналарда ел байрағын әлі талай желбірететініне сенімдіміз»,-дейді  атыраулық спортшылар.

Айта кету керек, бейнероликте Арманға қолдау көрсетушілер қатарында парадзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Әнуар Сариев, пара-таэквандодан Әлем, Еуропа және екі дүркін Азия чемпионы Нұрлан Домбаев, паражүзуден әлем кубогінің иегері Ержан Сәлімгереев, муайтайдан әлем және Еуропа чемпионы Дидар Болатов, панкратионнан әлем чемпионатының жүлдегері Жасұлан Хасимов және Атырау бокс клубының жас спортшылары бар.