Атыраулық суретші өзі тұратын ауылда галереясын ашты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық суретші Тілек Халин өзі тұратын ауылда галереясын ашты. Қазір галереяда суретшінің 70-ден астам картинасы қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Индер ауданындағы Бөдене ауылының тұрғыны, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Тілек Халин бала күнінен сурет салады. Мамандығы – суретші.

Мәскеудегі өнер институтында қашықтан білім алған. Суретшінің осы кезге дейін 100-ден картина салған.

Ауылдағы орта мектепте бейнелеу пәнінен дәріс берген суретші өлең де жазады. Осы кезге дейін бес кітабы жарық көрген.

Өзі тұратын ауылда 6 жыл бұрын сурет галереясын ашқан. Қазір галереяға өзінің 70-тен астам картинасын қойған.

Оны ауылда тұрғанмен әлемге танымал суретші деуге болады. Өйткені, оның туындылары Түркия, Италия, Германия елдеріне танымал болған.

Өзі кезінде Мәскеуде өткен бүкілодақтық шығармашылық конкурстың лауреаты атанған.

«Аудан мен облыстан, елордадан алыстағы елді мекендерді ауыл деп атайды ғой. Шын мәнінде бұл – ұлы даланың бір бөлшегі. Мен ұлы даладан шабыт алып, өлең жазамын, сурет саламын. Алаңсыз жұмыс істейтін шеберханам жоқ. Бірақ, картиналарым мен өлеңдерімді үйде жаздым. Соған қарамастан, туындыларым көптің көңіліннен шығып келеді», -дейді Махамбет сыйлығының иегері Тілек Халин.

Оның арманы – қазақтың атын, өзі тұратын Бөдене ауылын әлемге таныту. Өзі ашқан галереясын заңдастырып, шаң басқан туындыларын жұртшылыққа кеңінен танытуды көздеп отыр.

«Біздің ауылдың жанында тоғай бар. Суретші сол тоғайды айнытпай бейнелеген картинасы «Талөткел» деп атаған. Галереяға келген сайын сол картинаға қарап, суретшінің шеберлігіне тамсанамын», -дейді ауыл тұрғыны Роза Сатаева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртқан отбасы тұратынын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар