Атыраулық ұстаздар отбасы үшемді болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық ұстаздар отбасы үшемді болды. Бұл әулетте 54 жыл бұрын да үшем өмірге келген. Бұрын нәрестелердің әкесінің әжесі үшем босанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атыраулық ұстаздар отбасы үшемді болды

Нәрестелер 8 қарашада сағат 23:00 шамасында Атырау қалалық перзентханасында туған. Бұған дейін бұл отбасы 2021 жылы қызды болған. Енді екі қыз, бір ұлмен толығып отыр.

«Біздің әулетте үшем де, егіз де болған. Атам Берішқали жүргізуші, әжем Нұрсұлу мұнай өңдеу зауытында аспаз болып жұмыс істеген. Әкем – отбасындағы үлкен бала. Әжем Нұрсұлу төрт баладан соң, 54 жыл бұрын үшемді – екі ұл, бір қызды босанған. Үшемнің сыңары болған ағайымның бірінің қызында егіз бар. Енді міне, дәл сондай қуанышқа біз де кенеліп отырмыз. Әйелім екеуміз 2020 жылы отбасын құрған едік», - дейді үшемнің әкесі Мұрат Сұлтанов.

Үшемнің салмағы да, бойы да әртүрлі. Екі қыздың салмағы – 1 750, 1 630 г, бойы – 43 және 45 см. Ал, ұлдың салмағы – 1 960 г, бойы – 42 см.


Мұрат Сұлтановтың айтуынша, өзінің де, әйелінің де мамандығы – педагог. Өзі Атырау қаласындағы №38 мектеп-лицейінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Ал, әйелі Альбина №33 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық Ахмад, Батырхан, Исмаил есімді үшем перзентханадан шыққанын жазған едік.


жер сілкінісі
Ұқсас жаңалықтар

Қытайда жер сілкінді