Атыраулық «Жасыл Ел» жасағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы - «Жасыл Ел» еңбек жасағын археологиялық қазба жұмыстарына жұмылдырған еліміздегі бірінші өңір. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау облысында «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша 16-29 жас аралығындағы еңбек жасағының 5 түрі ашылды. Олар - «Жасыл Ел» көгалдандыру жасағы, құрылыс жасақтары, «Жас Агро» ауыл шаруашылығы жасағы, педагогикалық және археологиялық жасақтар.
«Жасыл Ел» жүйесіндегі археологиялық жасақтар қазір тек Атырау облысында бар. Өңір басшысы жасақтағы студенттердің санын 600-ден 2000 адамға дейін көбейту туралы тапсырма берді. Осылайша, жергілікті бюджеттің есебінен қаржыландыру бірнеше есеге өсті. Қазір бағдарламаға 140 млн теңге бөлінді - оның 39-ы республикалық бюджеттің трансферті, қалғаны жергілікті бюджеттікі. Бұл студенттер жасағының қызметін кеңейтіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру және археология салаларын дамытуға жол ашуда», - деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Жасұлан Бисімбиев.
Маусым айында 14 жас азаматтан құралған 1-ші жасақ Қызылқоға ауданында - Қарабау кентінде өз жұмысын бастады. Олар ескі қорғандарды қазу жұмыстарымен айналысуда. Шілде мен тамыз айларында Сарайшық қаласының аумағында және Мақат ауданындағы «Тас кешу - Керуен сарай» тарихи ескерткішінің аумағында қазба жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.