«Атыраулықтар арам ет жеп жүрмесін» республикалық басылымдарға шолу
***
«Жеріміздің асты да, үсті де - алтын» деп күпінгенде, бөркіміз дағарадай болады осы. Алайда осы бағалы бұйымға бай болсақ та, елімізде зергерлік бизнес дамымай отыр. Оған не себеп? «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Алтынымыз қара бақырға айналып, зергерге зәру болдық» деген атпен берілген мақала осы сауалға жауап іздепті.
«Төрт түліктің төресі - жылқы жабайлықтың құрбаны болуда. Қазақ халқының жанындай жақсы көретін, байлыққа балап келген арғымақтары оққа ұшып жатыр. Қайран жануар денесіне оқ тиісімен аспанға бір серпіле шапшып, өзін иемденбек болғандарға қарасын көрсетпей ұзап кеткенін көргендер де бар...»,-деп жазды «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі саны. Егжей-тегжейін газеттегі «Атыраулықтар арам ет жеп жүрмесін» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
Оралда бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың жүлдесі жолындағы халқаралық турнир аяқталды. Бұл барлық аймақтарда Қазақстан боксшыларының шеберлігін арттыру мақсатында ҚР бокс федерациясы ұйымдастырып жатқан халқаралық шаршы алаң бәсекелері аясында өткізіліп жатқан сындардың бірі еді. Байрақты бәсекенің нәтижесін аталған басылымдағы «Әуесқой бокс «оралманы» Оралда озық шықты» деген мақаладан оқыңыздар.
***
«Жаңа ғасырдың ұшқыр оқиғалары қауіпсіздіктің тетіктеріне жаңаша қарауға итермелейді. Бұл жерде әңгіме ядролық қауіпсіздік туралы болып отыр. Ядролық елдерді басқаратын адамдардың шағын шоғыры жаппай қырып-жоятын қаруға қатысты өздерінің ұстанымдарын дәлелдей ала ма? Ядролық технологияларға нақты да тиімді бақылауды жүзеге асыра отырып, сонымен бір мезгілде, егемен мемлекеттердің бейбіт атомды дамыту құқына қалайша кепілдік беруге болады? Ядро саласында жалған емес, түпнұсқалы тепе-теңдікті қалай қамтамасыз еткен жөн? Таратпау жөніндегі проблемаларды шешуге дипломатия әлеуеті қаншалықты деңгейде пайдаланылып жүр? Осы және басқа да мәселелер Вашингтонда өтетін алдағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте ашық та жемісті пікір алмасулардың тақырыбы болады деп сенемін». Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұртшылықтың назарын аударған «Известия» газетінде 2 сәуір күні жарияланған мақаласынан үзінді. «Айқын» басылымының бүгінгі саны «Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік» деген тақырыппен аталған мақаланы ықшамдап жариялапты.
«АҚШ-тың Орталық Азияға бағытталған жаңаланған саясатында Қазақстанның алатын орны ерекше»,-дейді Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов «Айқын» газетіне берген сұхбатында. Обама саясаты АҚШ-қа не берді? АҚШ саясатының желкені қай бағытқа бет алды? Алпауыт елдің Орталық Азия елдеріне деген Стратегиялық бас жоспарында Қазақстанның алатын орны қандай? Осы және өзге де маңызды сауалдар төңірегінде еліміздің АҚШ-тағы елшісімен ой бөліскіңіз келсе, аталған басылымның «Ақ сөйле» айдарына назар аударыңыз.
«Қоймада тұрған дәрі кімге шипа?...» Осы тақырыппен берілген
«Айқын» газетіндегі келесі мақала кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында республика ауруханаларына жеткізілуі тиіс дәрі-дәрмектің 40 пайызы бірыңғай дистрибьютордың қоймасында сақтаулы тұрғанын сынға алыпты. «Біздің дистрибьютор - «Самұрық Қазына-Фармация» болса, ол өзіне жүктелген міндетті орындай алмай отыр деген сөз. Ал аймақтардағы науқастар дәрі-дәрмекке зар болуда. Сонда бірыңғай дистрибьютордың оларға: «Бүгін ауыра тұр, ертең дәрі жеткіземіз» дегені ме?»,-деп жазды басылым.
***
Байтақ даламызды қызғыш құстай қорып, дұшпанның табанын тигізбеуде үш жүздің қазағы бір ата, бір ананың баласындай, жұдырықтай жұмылып, татулықты ту етіп, жаттан жатпай-тұрмай қорғана білген. Бірегей батырлары дұшпанын айбарымен жасыта білген, соғыса қалса, жер қаптырып ерлігін асыра білгендігін ақтаңдағы мол тарихымыздан енді-енді біле бастадық. «Астан ақшамы» газетінің бүгінгі санында «Бәйтерек батыр» атты мақала жарық көріпті. Аты айтып тұрғандай, мақала қазақ даласындағы ұрыстарда шеберлігімен көзге түскен Бәйтерек батыр туралы сөз қозғайды.
«Аңшылық аксиомасы». Осы тақырыппен берілген «Астан ақшамы» газетіндегі келесі мақала аңшылық шаруашылығының бүгінгі жағдайына назар аударыпты. «Қазіргі таңда Қазақстанда 655 аңшылық шаруашылығы бар. Олар өз жұмыстарын атқарып жатыр. Бірақ еліміздегі шаруашылықтардың Ресей, Еуропа және Америка аңшылықтарының жетістіктерін күделікті тіршіліктеріне енгізуі байқалмайды. Онсыз аңшылық шаруашылықтарының алға дамуы қиын. Сондықтан, аңшылықты тиісті деңгейге көтеру үшін әр шаруашылықта аңшылықтанушы маман болу керек»,-дейді басылым.
***
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Шығыс Еуропадағы үш мемлекет - Беларус, Украина, Молдова республикаларына сапары аяқталды. Осыған байланысты«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қарапайым халық қиындық көрмеуі тиіс» деген мақала жарық көріпті. «Дипломатиядағы басты қару-орнымен айтылған сөз. Жүйесін тапқан сөз құдіретінің алдында қайқиған бас иіліп, қайралған қылыш қынына түскенінің мысалына тарихты парақтай отырып көз жеткізуге болады. Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға төрағалық тұсында осы қаруды мейлінше Ванкуверден Владивостокқа дейінгі алапты алып жатқан 56 мемлекеттің, ондағы халықтардың игілігіне бар пәрменімен жұмсауына тура келеді»,-деп жазды басылым.
«Біз тәуелсіз мемлекет болдық" деп әлемге жар салған алғашқы сәттен бастап, одан кейін бүкілхалықтық демократиялық сайлау жолымен мемлекет құрылымының президенттік басқару жүйесін таңдадық. Бұл - халықтың таңдауы. Бүкіл халық болып сайлаған Президенттің ресми құзыры қуатты. Ол жүйе өзінің өміршеңдігін дәлелдеді де. Әрине, қандай да мемлекеттік институт өздігінен жұмыс істей алмайды. Оның жұмысын көрсететін де, дәлелдейтін де нақты Адам, Тұлға, сол Адамның іс-әрекеті мен жауапкершілігі, білімділігі мен біліктілігі, әділдігі мен қайраткерлігі. Келер жылы біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге 20 жыл толады. Президент осыны ойлап, оған көбірек мән беріп жүргені белгілі. Тек тарихи мезгілге ғана байланысты емес, біз қазіргі кезде мемлекетіміздің, мемлекеттік құзырлы орындардың, мемлекеттік институттардың қалыптасу құбылысын жан-жақты сарапқа салып, оның жетістіктері мен кемшіліктерін, жіберген қателіктерімізді, олардың себептерін анықтап, сыни баға беруді ескергеніміз абзал. Ол біздің дамуымыз үшін, мемлекетімізді күшейту үшін, болашағымыз үшін қажет»,-деп жазған «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы келесі мақала «Қазақтың жаңа дәуірі» деген тақырыппен халықтың көз алдындағы, қоғамдық пікірдің назарындағы Президенттің қызметі туралы сөз қозғапты.