Атыраулықтар қазақ-орыс шекарасынан өту қиындық туғызып отырғанына шағымданды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы Исатай және Құрманғазы аудандарының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенатор ауыл тұрғындарына қабылданған заңдардағы негізгі жаңалықтар туралы жан-жақты баяндады.
Ол сондай-ақ, Үкімет басшысының атына жолдаған бірнеше депутаттық сауалы Атырау облысының тұрғындары көтерген проблемалық мәселелерге арналғанын жеткізді.
Биылғы мамырда өңірге сапары кезінде сенаторға Қызылүй және Жасқайрат ауылдарының тұрғындары газ құбырын тарту мәселесін айтқан еді.
Ғұмар Дүйсембаев осы мәселені шешуге атсалысып, нәтижесінде қазір қажетті қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, Нарын су арнасын күрделі жөндеу мәселесі де талқыланды.
Бұл су арнасы 4 елді мекен тұрғындарының малы жайылатын жайылым алқабын сумен қамтамасыз етеді.
Құрманғазы ауданының Асан, Азғыр, Балқұдық және Сүйіндік ауылдарында мемлекеттік шекарадан жеңілдетілген тәртіппен өту шарттарын жақсартуға қатысты сұрақтар көбірек қойылды.
Қазір өңір тұрғындары шекараны шектеулі уақытта тек жеке автокөлікпен және 30 килограмм жүкпен ғана кесіп өте алады.
«Бұл мәселе Қазақстан мен Ресейдің Сыртқы істер министрліктері деңгейінде ғана емес, екі елдің Үкімет басшылары тарапынан да қаралып жатыр. Аталмыш проблема ҚР Парламенті Сенатының және Ресей Федерациясы Кеңесі Федералдық Жиналысының төрағалары мен депутаттарының кездесулері кезінде де көтерілді», -дейді сенатор.
Ауыл тұрғындары көтерген тағы бір мәселе – жол сапасы.
Сенатор бұл мәселені жергілікті жерде зерделеу үшін жол мамандарымен, мердігер ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, «Атырау-Астрахань» автомобиль жолының құрылысымен танысты.
Еске сала кетелік, бұған дейін Мәжіліс депутаты жұмыс сапарымен Махамбет ауданында болған еді.