Атыс қаруымен қарақшылық шабуыл жасаған қылмыскерлер қолға түсті
АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Ағымдағы жылдың 21 ақпанында сағат 21.00-де Астана қаласы пәтерлерінің бірінде тонау мақсатындағы қарақшылық шабуыл әрекеті орын алды.
Бұл жөнінде бүгін Астана қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
20 жасар екі азамат үй иесін шолақ мылтықпен қорқыта, пәтерге басып кірген. Ақша талап етіп, үй иесін соққыға жыққан. Артынша 2 ұялы телефонды алып, белгісіз бағытта із жасырған.
Астана қаласы Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасы қызметкерлерінің шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыс жасаған екі азаматтың ұсталғаны мәлім болды. Қылмысты дәлелдейтін дәйектер тәркіленіп, күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 179-бабы бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда 2 азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған.