Атышулы видео: Көлігінен наша табылған жігіт ақталып шықты

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының тұрғыны Руслан Барахатовқа қатысты қозғалған қылмыстық іс қысқартылып, тергеу қорытындысы бойынша азаматтың заңсыз әрекет жасамағаны анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
None
None

Естеріңізге сала кетейік, осыдан біршама уақыт бұрын жас жігіттің келіншегі Элвира Маханова әлеуметтік желілерді дүр сілкіндіріп, тәртіп сақшыларының әрекетін әшкерелейтін видео жүктеген болатын.


Бейнематериалда құқық қорғаушы тоқтап тұрған көліктің артқы есігін ашып, әлденені салғанын байқауға болады. Осыдан соң, Руслан Барахатовтың көлігінен есірткі заты табылған.

«Тәртіп сақшылары мектептің камерасына түсіп қалған. Полицейлердің өздері камераның жұмыс жасап тұрғанын білмеген. Білгеннен кейін бейнежазбаны қолды қылуға әрекет жасапты. Бірақ, көздеген мақсаттарына жеткен жоқ. Әлеуметтік желіге салып, көпшіліктің назарына ұсындық. Қоғамдық пікір туғаннан кейін, күйеуім ақталды. Бүгінде қылмыстық іс қысқартылды. Айыппұл алаңына қойылған көлігімізді шығарып алдық. Іске байланысты шығарылған қаулы қолымызда бар», - дейді Элвира Маханова.

Аталмыш іске байланысты Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті ақпараттың толық жарияланбайтынын мәлім етті.

«Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабының 1-бөлігінің талабына сәкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмеуге тиіс. Егер тергеп-тексеру мүдделеріне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға байланысты болмаса тек прокурордың рұқсатымен ғана белгілі бір көлемде ғана ақпарат жолдауға болатынын хабарлаймыз», - деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Жас келіншектің айтуынша, заңсыз әрекетке барған тәртіп сақшыларын арнайы прокуратура мамандары тергеп жатыр екен. Алайда, бұл тұрғыда нақты мәлімет алу мүмкін болмады. 

                                                                                                                      Айнұр Төлешова 

Соңғы жаңалықтар