Ауа райы күрт өзгерді: Қызылорда полициясы ескерту жасады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық тәртіп сақшылары өңірде ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жүргізушілерге ескерту жасады.
- 10 қараша күні сағат 18:10 шамасында Қарабұтақ-Қызылорда және Самара – Шымкент тасжолдарында жаңбыр аралас қар жауды. Осыған байланысты жүргізушілер жолда барынша сақ болғаны жөн. Бұдан бөлек жуық арада облыс аумағында көктайғақ пен тұман болуы мүмкін. Жүргізушілерге ауа райының қолайсыздығына байланысты жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға, кенеттен тежеу мен күрт маневр жасаудан аулақ болуға, жол жағдайын ескере отырып, барынша мұқият жүруге кеңес береміз, - делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарға шығарда жол жағдайын ескеріп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін еске салды. Сондай-ақ автокөліктердің жазғы дөңгелектерін қысқы шинаға ауыстыруға кеңес берді. Аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпауды ескертті. Ал жаяу жүргіншілерді жолды тек белгіленген жерден кесіп өтіп, көлік қозғалысына мұқият болуға шақырды. Ал қараңғы уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдаланған жөн.
Бұған дейін Алматы әкімдігі 10 қараша кешкі уақыттан бастап Алматыда жауын-шашын түсіп, 12 қарашаға қараған түнге дейін жалғасатынын хабарлады.