Ауа райын қалай болжайды – «Қазгидромет» маманымен сұхбат

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Өткен аптада Алматының құбылмалы ауа райы тұрғындарды біраз әбігерге салды. Қатты жаңбырдан мегаполис көшелерін бірнеше рет су басты, ал жерасты өткелдеріне су толды. Осы орайда, Kazinform тілшісі «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы бойынша филиалы Метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кисебаевпен тілдесіп, оңтүстік өңірдегі ауа райының алдағы болжамын сұрады. Сондай-ақ «Қазгидромет» мамандарының жұмысымен танысып қайтты.

Ауа райын қалай болжайды – «Қазгидромет» маманымен сұхбат
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

- Алматыда алдыңғы апта нөсер жауын жиі болды. Бұл біздің өңір үшін қаншалықты қалыпты құбылыс?

- Өткен аптада орталығы Шығыс Қазақстан облысында болған циклон біздің аймақтан өтті. Соның себебінен бізде қысқа мерзімді жаңбыр, найғазай болып, қатты жел тұрды. Сонымен қатар кей аудандарда бұршақ жауды. «Қазгидромет» мұны күнделікті болжап, ескертіп отырды. Бұл Алматы үшін ерекше құбылыс емес. Себебі шаһарда сәуір мен тамыздың басына дейін нөсерлі жаңбырдың болуы болжанып қойған. Адамдар шілде айының құрғақ әрі ыстық болатынына үйренген. Бірақ биылғы шілде 1979 жылдың шілдесіне ұқсас. Ол кезде де нөсерлі жаңбыр көп болған және кішкене салқындау болды. Жалпы температура қалыпты деңгейде. Шілде айында орта есеппен жоғары температура 30-32 градус. Қазір күндізгі температура 29-33 градус аралығында тіркеліп жатыр.

- Осы аптаның ауа райы болжамы қандай?

- Шілденің 20-сына дейін Алматыда құбылмалы ауа райы сақталады. Біз қазір Қызылорда жақта тұрған циклонның келуін күтудеміз. Оның келуімен күн ыстық бола тұра, қайта жаңбыр жауады, найзағай ойнайды және жел соғады. Дегенмен температура күндіз 30-33 градус, ал түнде 18-20 градус күйінде болмақ. Айта кетейін, біз ауа райы жайлы ескерту хабарламасын жібергенде жалпы қалаға сүйенеміз. Иә, қаламыздың аумағы үлкен, солтүстігі жазық жерде, оңтүстігі тау бөктерінде орналасқан. Қаламыздың белгілі бір ауданында қауіпті құбылыс байқалса, біз ол туралы бүкіл қалаға хабарлауға міндеттіміз. 

ауа райы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

- Жалпы ауа райы қалай болжанады?

- Алматыда 4 метеорологиялық станциямыз бар. Біреуі әуежай жақта, біреуі қала орталығында (Абай/Сейфуллин), қалған екеуі Каменск үстірті мен Шымбұлақта орналасқан. Жалпы біздің бөлімде 4 синоптик маман бар. Олар ауысыммен тәулік бойы 24 сағат жұмыс істейді. Синоптик жұмысқа келген соң, алдыңғы қызметкерден ауысымды қабылдайды. Одан кейін бізге түсетін материалдар - топографиялық карта, спутниктің фотолары және т.б. негізінде ауа райына мониторинг және сараптама жасалады. Түске қарай келесі күнге ауа райының болжамы жазылады. Қажет болған жағдайда ескерту хабарламалары жіберіледі. Яғни, ТЖД, әкімдік және өзге ұйымдар ақпараттандырылады. Сондай-ақ «Қазгидрометтің» ресми сайтында жарияланады. Метеорологиялық станциялардан ақпарат 3 сағат сайын түседі. 

ауа райы
Фото: Досбол Атажан/Kazinform

- Адам ауа райын қаншалықты қолдан өзгерте алады? Мұндай технологиялар бар ма?

- Бұл «Қазгидрометтің» нысаны емес. Бірақ ауа райына әсер етуге мүмкін беретін технологиялар бар. Мысалы, аспанға арнайы ракета атылады. Ол ракетада атмосферадағы процесстерді жылдамдататын химиялық элементтер болады. Соның әсерінен аспан бұлттанып, жаңбыр жауады. Кеңестік кезеңде, қазір де маңызды іс-шаралар кезінде ауа райы бұзылатыны болжанса, осындай ракеталар қолданылады. Соның арқасында жаңбыр межелеген уақытынан бұрын жауады.

- «Қазгидромет» болжамы шынайы ауа райымен сәйкес келмей қалатын жағдайлар қаншалықты жиі болады?

- «Қазгидромет» болжамы 90% жағдайда дәл келеді. Өйткені бізде негізгі болжам 1 күнге жазылады. Бірақ нөсер, бұршақ сынды болжануы қиын құбылыстар айтылған уақыттан бұрын келуі де мүмкін. Ондай жағдайлар боп тұрады, бірақ өте сирек. Көбіне мұндай жағдайлар күтпеген атмосфералық өзгерістердің әсерінен болады. Мысалы, орталығы Шығыс Қазақстан облысында болған циклон болжам бойынша Сібір жаққа кетуі керек болған. Бізде құрғақ ауа райы болжанды. Бірақ басқа циклон өзінің бағытын өзгертіп, оны Қазақстанның оңстүстігіне ығыстырды. Сондықтан бізде нөсер жауын өтті. Табиғат біздің ырықымызда емес. Біз оны болжауға тырысамыз. Бірақ болжам – ол тек қана болжам.

Соңғы жаңалықтар