Ауа райының қолайсыздығы: Оралға келетін рейстер кешігіп жатыр
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Оралға келетін рейстер кешігіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-ның баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың мәлім еткеніндей, бұл ең алдымен Астанадағы ауа райының қолайсыздығына байланысты болып отыр.
«Атап айтқанда, Астана-Орал, Алматы-Орал бағытындағы рейстер кешігуде. Сондай-ақ осы себеппен бүгін Атырау-Орал рейсі тоқтатылды. Бүгін таңда Оралдан Шарм-эль-Шейхқа ұшақ ұшып кетті. Әуежай штаттық режимде жұмыс жасап жатыр», - дейді А.Сақпосынова.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС-ның баспасөз қызметі таратқан хабарламада мұндай жағдай келесі рейстердің кешігуіне соқтыруы мүмкін екендігі айтылған.
«Осыған байланысты жолаушылар әуе компанияларының анықтамалық қызметтерінен өз рейсінің ұшу уақытын алдын ала нақтылап, сондай-ақ СМС түрінде келетін ақпаратты ескергені жөн. Әуе компаниясының кінәсінен рейс кідіртілген жағдайда жолаушыларға кешігу мерзімінің ұзақтығына байланысты ҚР заңнамасында көзделген қызметтер (салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақүйде орналастыру) ұсынылады» делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанадан Оралға келуі тиіс ұшақтың Ақтөбеге қонғанын жазған болатынбыз.