Ауа райы: 30 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде қар жауады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жексенбі, 30 қазан күні Қазақстанның барлық аумағында ауа райы тұрақсыз болады. Кей жерлер жауын-шашынды болады, елдің солтүстігіне қар жаууы ықтимал. Сондай-ақ бірқатар аймақтарда тұман түсіп, көктайғақ болып, желдің күші секундына 15-20 метрге жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК ақпараттарына сүйене отырып.

Ауа райы: 30 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде қар жауады

Кәсіпорын өкілдері таратқан мәліметтер бойынша, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, күндіз Шығыс Қазақстан облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болып, желдің күші секундына 15-20 метрге жетеді.

Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, жел 15-20 м/с дейін күшейеді. Қарағанды облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болып, желдің күші секундына 15-20 метрге жетеді.

Жамбыл, Қызылорда облыстарында түнде және Атырау облысында таң ата тұман түседі. Ақмола және Қостанай облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады.