Ауа райына байланысты 9 өңірде автожолдар жабық тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауа райының бұзылуына байланысты еліміздің 9 өңірінде автожолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ деректері бойынша ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, жаяу бұрқасын, көру мүмкіндігінің нашарлауы) 9 өңірде – Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.

Сонымен қатар «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, алдағы күндері еліміздің барлық өңірінде жекелеген аумақтарда көктайғақ, бұрқасын, қар, тұман болып, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.

Осыған орай, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын ұстануға шақырды.

«Қыс маусымында көлікпен алыс жолдарға шықпас бұрын, ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн.

Қатты боран, бұрқасын кезінде жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал.

Егер қандай да бір елді мекенге шұғыл баруыңыз керек болса, діттеген жеріңізге кедергісіз жету үшін теміржол көлігін пайдалануға кеңес береміз», - деді министрліктен.

Қыста жолға шығар алдында:

1. Ауа райы болжамын мұқият зерделеңіз.

2. Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз. «Қазавтожол» ҰК сайтында жабылған жол учаскелерінің картасын көруге болады. Не болмаса 1403 бірыңғай телефон нөмірі, құтқару қызметінің «112» нөмірі, сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы нақтылауға болады.

«112» қызметінен ресми дауылды ескерту алған жағдайда елді мекендерден және жолға шығудан бас тарта тұру қажет.

Шұғыл қызмет көліктері автомобильдерге ілесіп жүру шешімі қабылданған жағдайда:

- жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз;

- ілесіп жүретін шұғыл қызмет көлігі белгілеген жылдамдық режимін сақтаңыз;

- өткізу пунктінен шыққан автомобильдің артынан ілесіңіз және оны басып озбаңыз;

- алдында келе жатқан автомобильдің арасындағы қашықтықты сақтаңыз;

- алдағы автомобильдерді басып озуға болмайды;

- айналаңдағы қозғалысқа үлкен мән беріңіз.


Соңғы жаңалықтар