Ауа райының қолайсыз болуы себепті аймақтардағы автожолдарда қозғалыстар шектелуде - ТЖМ

АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат - Ауа райының қолайсыздығына байланысты республиканың бірқатар аймақтарында күре жолдар әлі де жабық,

Ауа райының қолайсыз болуы себепті аймақтардағы автожолдарда қозғалыстар шектелуде - ТЖМ

деп хабарлады бүгін ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, көктайғақ және бұрқасынның болуы салдарынан қаңтардың өткен 25-де жабылған Алматы облысындағы «Үшарал-Достық» автожолында көліктің барлық түрлері үшін қозғалыстар әлі де шектелуде.

Ал кеше, қаңтардың 27-сі күні 12 сағат 30 минутта Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты көліктің барлық түрлері үшін республикалық маңыздағы «Өскемен-Алматы» (768-615 шақырым аралығы), «Қарағанды-Аягөз-Ботаз» (704-525) автожолдары және 18 сағат 00 минуттан бастап Семей қаласына алып баратын облыстық маңыздағы барлық күре жолдар жабылды.

Сондай-ақ осы күні сағат 22.00-де қардың мол жаууына орай Маңғыстау облысынан шығатын барлық тас жолдарда қозғалыс шектелді. «Облыс аумағында республикалық және облыстық маңыздағы автожолдарды тазарту жұмыстарына 925 адам мен 125 техника жұмылдырылды. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты режімде жұмыс істеуде», деп анықтады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Күннің күрт суытуына орай, сонымен қатар Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында дизельді және жолаушылар көліктеріне алыс жолдарға шығуға рұқсат етілмеуде.