Ауа райының қолайсыздығы елорда тұрғындарына Наурыз мерекесін тойлау бағдарламасына өзгерістер енгізді

АСТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Астана әкімдігінің қызметкерлері ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, ауа райының қолайсыздығына байланысты Наурыз мерекесін атап өтуге қатысты бағдарламаға біршама өзгерістер енгізілгендігін атап өтті,

Ауа райының қолайсыздығы елорда тұрғындарына Наурыз мерекесін тойлау бағдарламасына өзгерістер енгізді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Наурыз мерекесіне арналған бағдарлама бойынша елордадағы «Хан шатыры» ғимаратының алдында үлкен шаралар ұйымдастырылып, оған кемінде 5 мың

адам қатысуы қажет болатын. Сонымен қатар онда наурыз шеруі бағдарламасы ұйымдастырылып, онда 365 қыз бала арнайы киіммен шығып, көктемнің және өзге де жыл мезгілдерінің келуіне байланысты театрландырылған көрініс көрсетуі қажет еді. Өкінішке қарай, ауа райын болжаушы мамандар Наурыз мерекесін атап өтетін күні, яғни наурыздың 22-інде қатты жел тұруы мүмкін деп отыр. Ал театрландырылған көрініске қатысатын балалардың киімдерді жеңіл. Ауа райының суықтығы жас өнерпаздардың денсаулықтарына зиянын тигізуі мүмкін. Шеру салтанатына сондай-ақ 100-ден астам жылқы, 15 түйе қатыстырылуы керек еді. Мамандардың айтуынша, мереке күні қатты жел тұратын болса, әшекейі жабу жабылған жылқылар мен түйелер үркіп, мерекеге жиналған жұрттың берекесін алуы мүмкін. Қауіпсіздік шараларын сақтау үшін Наурыз мерекесіне арналған бұл шеру бағдарламадан алып тасталды.

Ал мерекелік концерт, қазақтың салт-дәстүрлеріндегі беташар, тұсау кесер, бесікке салу сияқты шаралар

белгіленген бағдарлама бойынша ұйымдастырылады. Олар мерекеге арнайы тігілген 30 шақты киіз үйлерде көрсетіледі. Сондай-ақ алтыбақан тігіліп, тоғыз құмалақ, аударыспақ сияқты спорттық ойындар ұйымастырылады. Мерекенің негізгі шаралары орталық саябақта өтеді. Онда 40-тан астам сауда орындары халыққа қызмет көрсетеді деп күтілуде. Сондай-ақ ресторандар мен мейрамханаларда тегін наурыз көже таратылады. Мерекелік шаралар орталық саябақтан бастап, «Бәйтерек» ғимаратына дейінгі аймақты қамтиды. Қала бойынша негізгі шаралар ұйымдастырылатын аймақты қоса алғанда, мереке 17 жерде атап өтілетін болады. Олар негізінен «Жастар» сарайының, «Атамекен» этномемориалдық кешенінің, «Бәйтерек» ғимаратының, Қаржы министрлігінің алдында, «Көктал», «Өндіріс» сияқты мөлтек аудандар мен өзге де бірқатар аймақтарда ұйымдастырылады.

Әкімдік өкілдерінің сөздеріне қарағанда, өткен жылы Наурыз мерекесіне елордада 100 мыңнан астам адам қатысқан. Әкімшілік қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына қарамастан мерекені атап өтушілер саны биыл да аз болмайды деген үмітте. Себебі мерекелік шараға биыл 70 миллион теңге жұмсалыпты. Алайда Наурызға қатысты ресми шаралар ұйымдастырылмайтын болды.