Ауа райының қолайсыздығынан қос өңірде 80 жол апаты тіркелді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарағанды және Павлодар облыстарында кешеден бері көктайғаққа байланысты 81 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысында бір тәулік ішінде 50 жол-көлік оқиғасы болып, одан 17 адам әртүрлі жарақат алды. Мәселен, Қарағанды қаласында 8 қараша күні сағат 20:00 шамасында 30 жастағы «Lada Vesta» автокөлігінің жүргізушісі Университет көшесінен Бұқар Жырау даңғылына бағыт алып бара жатып, реттелетін жаяу жүргіншілер өткелінде 17 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жәбірленуші әртүрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Ал, тасжолдарда болған апаттардан қайтыс болғандар бар.
«Қарағанды-Қарқаралы тасжолында көктайғақ салдарынан араға 8 сағат салып екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Мәселен, сағат 9:50 шамасында аталған тас жолдың 195-шақырымында «Ravon Nexia» автокөлігінің 50 жастағы жүргізушісі алдын ала болжам бойынша жолдың қарсы бағытына шығып, КамАЗ жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан «Ravon Nexia» автокөлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді, аталған көліктің 61 жастағы жолаушысы алған жарақаттарынан ауруханада көз жұмды. Сағат 18:26 шамасында Шешенқара-Ащысу тас жолында «Lexus» және «Volkswagen Passat» көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Жол апаты салдарынан 62 жастағы «Volkswagen Passat» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Зәрубаев.
Павлодар облысының аумағындағы жолдарда екі күн ішінде 31 оқиға тіркелді.
«9 қарашада сағат 6:15 шамасында Павлодар-Қызылорда автожолында Шідерті кентінің маңында «Toyota Alphard» маркалы екі автокөліктің қатысуымен ЖКО болды. Жол апаты салдарынан 34 жастағы жолаушы ауруханаға жеткізілді. Тексеру жүргізіліп жатыр, сараптама тағайындалды», - деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Сол күні сағат 7:30 шамасында Лимонная көшесіндегі үйге қарама-қарсы жерде «Volksvagen Passat» маркалы автокөліктің жүргізушісі 14 жастағы баланы қаққан, ол реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолдың жүріс бөлігінен өткен. Бала ауруханаға жатқызылды. Тексеру жүріп жатыр.
Осы орайда, полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерімен қатар, жаяу адамдарды да сақ болуға шақырады.
«Жаяу жүргіншілерге қыстың басталуымен жүргізушілерге көлік құралын жүргізу қиынырақ екенін ескертеміз. Жолдың жүру бөлігінде қозғалатын көліктің алдынан емес, бағдаршамның жасыл белгісіне өтуге шақырамыз. Ауа райының қолайсыздығына байланысты автокөлік иелеріне жазғы дөңгелектерін қысқы дөңгелекке ауыстыруға кеңес береміз», - деді Жасқайрат Қайыров.
Фото: polisia.kz