Ауа райының ыстық болуына байланысты астықтың пісіп жетілуі 10-15 күнге алға жылжыды

АСТАНА. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ауа райының ыстық болуына байланысты астықтың пісіп жетілуі 10-15 күнге алға жылжыды.
None
None

Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен кеңесте Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман айтты.

«Биылғы жыл жоғары температуралық режиммен және жауын-шашынның тапшылығымен ерекшеленді. Осыған байланысты астықтың пісіп жетілуі 10-15 күнге алға жылжыды», - деді жауапты хатшы. Оның сөзіне қарағанда, Ақмола және Қарағанды облыстарынан өзге барлық өңірлер егін орағына кірісіп отыр, ал оңтүстік өңірде бұл жұмыстар аяқталуға жақындап қалды.

«Егін орағының бастапқы күндеріндегі астық дақылдары егістігіндегі шығымның 83 пайызы жақсы және қанағаттанарлық, ал 12 пайызы нашар жағдайда болып отыр. Астық дақылдарының 875 мың гектары немесе 5 пайызы солып қалды. Бұлар негізінен құрғақшылықтан зардап шеккен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі», -деді Е. Аман.

Атап айтқанда, тамыздың 16-ындағы жағдай бойынша 876,7 мың гектар жердің, немесе егін орағына қамтылатын жалпы аумақтың 8 пайызы орылды. Орташа түсім гектарына 13,4 центнерден. Өткен жылға қарағанда 4,6 центнерге төмен.

«Облыс әкімдіктерінің болжамы бойынша, бункерлік салмақта астықтың жалпы жиынтығы 15,4 млн. тонна деңгейінде болмақ. Оның ішінде бидай өнімінің көлемі 12 млн. тонна шамасында болады деп күтілуде»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар