Ауа сапасын бағалаудың ескірген жүйесінен бас тарту қажет - эколог

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан ауа сапасын бағалаудың ескірген жүйесінен бас тартуы қажет. Мұндай пікірді эколог Лаура Мәлікова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауа сапасын бағалаудың ескірген жүйесінен бас тарту қажет - эколог

«2021 жылдың 1 шілдесінен жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Оның 418-бабында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бізде ауа сапасына қатысты жаңа нормативтер бекітілуі тиістігі көрсетілген. Алдымызда дамыған 30 елдің қатарына кіру стратегиялық міндеті тұр. Ол үшін 2015 жылдан бері түрлі заңдар, оның ішінде Экологиялық кодекс қаралып келді. Сонымен қатар стандарттарымызды да үйлестіруіміз қажет», -деді ол мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен аталған проблемаға байланысты өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта еліміздегі кәсіпорындар ОНД-86 әдістемесін қолданып, шығарындыларды өздігінше мөлшерлеп жүр. Ал бұл әдістеме ескірген. Мәселен, Ресей бұл әдістемеден 2017 жылы бас тартқан. Қазақстан болса әлі күнге осы әдістемеден шыға алмай отыр.

«Демек, құжат түрінде шығарындылар сейіледі. Бірақ, іс жүзінде олай емес. Халықтан да көптеген шағым түсіп жатыр. Жаңа Экологиялық кодекс аясында біз ОНД-86 әдістемесінен бас тартқанбыз. Бірақ, іс жүзінде оны әрекет ету аймағы ретінде қалдырып отыр», - деді Лаура Мәлікова.