Ауа сапасын бақылайтын фин құралының артықшылығы мен кемшілігі айтылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында «Қазгидромет» зертханасының бастығы Дана Аманбаева ауа сапасын өлшейтін фин құралының артықшылығы мен кемшілігін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дана Аманбаева елордада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде ауа тазалығын бақылайтын фин технологиясын таныстырып, бүгінде ол тестік режимде қаламыздың ауасын бақылауға қолданылып жатқанын айтты.
«11 шілдеден бастап кәсіпорнымыз аталған құралды қаладағы № 5 ауа сапасын бақылау автоматты постында сынақтан өткізуде. Бұл құралдың ерекшеліктерінің бірі оның өте жинақылығында. Және құрылғыны қаланың кез келген нүктесінде орналастыруға болады. Арнайы жер телімін бөлуді қажетсінбейді. Екіншіден, бұл құрал энергияны өте аз тұтынады. Себебі күн панелінен қуат алады. Үшіншіден, ауа сапасына қосымша метеорологиялық параметрлердің қосымша жиынтығын алуға болады. Мұнан бөлек, құрал жоғары дәлдікке ие, ауытқуы 1-3 пайыз ғана», - деді ол.
Оның атап өтуінше, құралдың артықшылығымен қатар кемшіліктері де бар. Атап айтқанда, үлкен қалалардың атмосфералық ауасын бақылау үшін маңызды компоненттер - азот оксиді және күкіртті сутекті анықтау үшін қажетті сенсорлары жоқ.
«Дегемен, ағымдағы жылдың соңына дейін Vaisala компаниясы аталған сенсорларды әзірлеуді аяқтамақ. Кәсіпорын оны тестік режимнен өткізуді 2018 жылдың көктем-жаз айларында аяқтауды жоспарлап отыр», - деді Дана Аманбаева.
Ал «Қазгидромет» Экологиялық мониторинг басқармасының бастығы Зәуреш Әбдиеваның айтуынша, атмосфералық ауаның жай-күйіне бақылау Қазақстанның 49 елді мекенінде жүргізіледі. Оларда 56 сынамаларды қол күшімен іріктеу бекеті және 90 автоматты бекеті орналасқан.
«Қол күшімен іріктеу бекетінде күніне 3-4 рет бақылау жүргізеді. Сонымен қатар аталған елді мекендерде 14 жылжымалы зертханалардың көмегімен бақылау жүзеге асырылады. Ал 90 автоматты бекеетте ауаның жай-күйіне бақылау жасау 20 минут сайын ақпараттар тиісті серверлерге түсіп отырады. Зерттеулер 35 ластаушы заттарды анықтау үшін жүргізіледі», - деді ол.