Аудан, қала әкімдерін сайлау: Кандидаттарды ұсыну, тіркеу және сайлауалды үгіт қашан басталады

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымына кандидаттарды ұсынудың, тіркеудің және сайлауалды үгіттің қашан басталатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан, қала әкімдерін сайлау: Кандидаттарды ұсыну, тіркеу және сайлауалды үгіт қашан басталады
«Кандидаттарды ұсыну сайлау күні тағайындалғаннан кейінгі күннен басталады. Егер тағайындауды ертеңге күтсек, онда бүрсүгіні ұсыну басталып, ол дауыс беру күніне 30 күн қалғанда аяқталады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, егер ұсыну мерзімі аяқталған күні екі кандидаттан кем ұсынылса, онда аумақтық сайлау комиссиясы ұсыну мерзімін ұзартуға құқылы», - деді ол Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Оның атап өтуінше, саяси париялар өз кандидаттарын ұсына алады. Сонымен қатар азаматтардың да кандидат болуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте өзін өз ұсынған азамат сайлауға түсіп отырған сайлау округінде тіркелген сайлаушылардың жалпы санының 1 пайыз қолдауын жинауы қажет. Кандидаттарды тіркеу кезеңі 25 күнге созылады. Тіркеу қажетті барлық құжаттар ұсынылған соң басталады және сайлау өтетін күнге 25 күн қалғанда аяқталады.

«Кандидаттар тіркелгеннен кейін аумақтық сайлау комиссиясы БАҚ-та кандидатты тіркеу туралы шешімін жариялауға міндетті. Сайлауалды үгіт тіркеу аяқталған соң бірден басталып, 24 күнге созылады. Әдеттегідей дауыс беру үшін жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 07-00-ден 20-00-де дейін уақыт белгіленген. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтарға қолайлы болуы үшін басқа уақыт белгіленуі, бірақ, сағат таңғы 6—00-ден ерте емес, ал 22-00-ден кеш емес уақыт белгіленуі мүмкін. Дауыстарды санау 12 сағаттан астауы қажет. Бәсекелесінен көп дауыс жинаған кандидат сайланды деп саналады», - деді Константин Петров.