Аудан прокуратурасы лицензиясыз қызметпен айналысу фактісін анықтады

АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының Теректі аудандық прокуратурасы кәмелетке толмағандардың заңды құқықтарының сақталуына жүргізіген тексерісі барысында, білім беру ұйымдарының тиісті лицензиясыз білім беру қызметін жүргізумен айналысу фактілерін анықтады. Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратып отыр.

Аудан прокуратурасы лицензиясыз қызметпен айналысу фактісін анықтады

Атап айтқанда, тексеріс барысында Теректі аудандық әкімдігінің 2009 жылғы №393 қаулысымен құрылған «Өркен» балалар бақшасы» МКҚК-ның бiлiм беру қызметiмен айналысуға лицензиясы жоқ болып шыққан. Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында аудан прокуратурасы «Өркен» балалар бақшасын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 357-1 бабы, 1 тармағымен көзделген әкімшілік жазаға тарту шарасын қолдану үшін Теректі аудандық салық басқармасына ұсыныс енгізген. Қазіргі уақытта прокурорлық ықпал ету шарасы қарастырылу үстінде.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының «Білім туралы» және «Лицензиялау туралы» Заңдарының 40 және 23 баптарына сәйкес, білім беру ұйымдарында білім беру қызметін жүргізу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды. ҚР Үкіметінің 2001 жылғы маусымның 22-індегі №849 қаулысымен бекітілген «Мектептен тыс ұйымдар қызметі туралы» Ережесінің 8-ші тармағына орай ұйымның бiлiм беру қызметi ведомстволық бағыныштылығы мен меншiк нысанына қарамастан ҚР заңнамасында лицензиялауға жатады.