Аудандардағы онкологтардың біліктіліктері жетілдіріледі
АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасының аясында аудандардағы онкологтардың біліктіліктерін жетілдіру жұмыстары қолға алынды,
деп хабарлады Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Сурия Есентаева pm.kz сайтына берген сұхбатында.
«Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институты мен Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының базасында барлық медициналық жәрдем деңгейіндегі дәрігерлерді оқыту және олардың біліктіліктерін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Сурия Есентаева.
Маманның айтуынша, бірінші кезекте алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем қызметінің дәрігерлері оқытылуда. Жақын арада арнайы бағдарламалар бойынша барлық аудандық онкологтарды оқыту жоспарланып отыр. Еліміздің барлық аудандарында бүгінде 263 онколог жұмыс істейді.
Оған қоса, Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының базасында амбулаторлық деңгейдегі онколог мамандардың біліктілік деңгейлері жетілдіруде, бүгінде бұл жерден 86 маман оқып шықты. Еліміздің барлық өңірлерінен келген ол мамандар енді өз білімдерін аудандық және ауылдық онкологтарға үйренетін болады.
«Қазіргі ісіктің заманауи диагностикасы, генетикалық, гистологиялық және молекулярлық зерттеулер қашан да үлкен маңызға ие. Біз барлық облыстың гистолог-мамандарын оқыту жөніндегі оқу бағдарламаларын әзірледік, оған қоса арнайы бағдарлама бойынша 25 радиолог маманды оқытып шықтық», - деп түйіндеді өз сөзін С.Есентаева.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде Онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы қолға алынып отыр.