«Аудармашылардың айы оңынан туады» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 8 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында Кентау қаласындағы жылу орталығындағы жағдай шұғыл түрде қаралды. Қазір мұнда қазандықтар соляркамен жұмыс істеп тұр. Мазут келіп жетісімен олар сол отын түріне қайтадан көшірілетін болады.Жылыту қазандығындағы оқиға салдарынан қаладағы көптеген үйлерде температура төмендеп кеткен болатын. Қазір ол 13 градус деңгейінде. Кешке қайта қалпына келетін болады.Үкіметпен интерактивті байланыс жасаған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов қазіргі күні жөндеу жұмыстарының жүріп жатқандығын, қалада кешке дейін жағдай қайта қалпына келетіндігін мәлімдеді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жұмыспен қамту жайы қалай?» атты мақаладан оқыңыздар.
Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында Мәжіліс депутаты, экономика ғылымының кандидаты Жексенбай Дүйсебаевтың «Қазақстанның қуаттылығы-өңірлердің қуаттылығы» атты мақаласын басты. Ғалымның айтуынша, аймақтардың жағдайы жақсармай, еліміз өркендемейді. Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері, экономикалық мүмкіндіктері бар. Табиғи жағдайына бейімделген ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі және сол өңірде шығарылатын шикізатты өңдеу үшін өндіріс орындары орналасқан. «Елбасы Үкіметке әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, дамытуды тапсырды. Өңірлердің инфрақұрылымын жоғары деңгейге көтеру қажет. Яғни өңірлерді таза сумен, жеткілікті электр энергиясымен қамту, коммуналдық шаруашылық жұмысын жолға қою - бірінші кезектегі міндет»,-дейді халық қалаулысы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында жарияланған мақаласында.
***
«Аудармашылардың айы оңынан туады». «Айқын» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен шағын материал басылды. Онда дәстүр бойынша кадр агенттіктеріне түскен түйіндемелерге сараптама жасаған «Mojazarplata.kz» порталы ең көп сұранысқа ие мамандықтардың үздік ондығын жария еткендігі айтылады. Бұл оза шапқандардың ортасынан қазақ тілінен аударма жасаушылар ойып орын алған. Демек, ұлт тілін меңгергендер үшін - жұмыс қай уақытта да табылады деген сөз... Қызығы, көпшілік қажет ететін мамандықтар тізбесінде - сирек табылатын қызметтер атымен жоқ. Елдің ғылыми-өндірістік әлеуетінің тереңдеуіне қарай, бірқатар кадр агенттіктері генетика, микробиология сынды ауыр салаларға деген сұраныс артады деп болжаған еді, алайда бұл болжам ақталмады.
Осы басылымның жазуынша, әлемде ымырт үйіріліп, айналаға күйзелістің қою тұманы жайыла бастағандай. Болжамшылар қазір «пессимистік сценарийлерін» жазуда, оған сенсек, дағдарыстың алай-дүлей талай жыл соққан дауылы жер бетінің берекетін кетіріп, соңынан құлазыған қалалар мен құлаған мемлекеттерді қалдыруы ғажап емес. Сөйтіп, ғасырдың орта шенінде әлемдік құрылымның мүлдем жаңа сипат алуының алғышарты жасалмақ екен. Дәуірдің сүзгісінен санаулы мемлекеттер ғана қазіргі тұтастығын сақтап, өтетін көрінеді.
Батыстан соққан «суық желдің» ызғарын біздің еліміз де сезуде. Әсіресе, қаржылық сектордың «бақшасын суық ұра» бастады: шетелден қарызға қаржы алу қиындап кеткен. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Қазақ елі әлі-ақ «А» биіктігін бағындырады!» атты мақаладан егжей-тегжейлі білуге болады.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, үкіметтік деңгейде жүргізілген келіссөздердің негізінде биыл елімізде жол талғамайтын көлік жасап шығарылатындығы өткен қараша айында белгілі болған. Осы іске мұрындық болып отырған отандық ірі автоөндіріс нысаны - «АгромашХолдинг» таяуда тек қана жол талғамайтын емес, сонымен қатар жеңіл автокөліктерді де жасап шығаруға әзір екендіктерін мәлімдеді. «Осы жағынан алғанда, таяу арада қазақстандықтарға өзгенің емес, өзіміздің өндірісіміздегі автокөлікті тұтынуға мүмкіндік берілмекші»,-деп жазады басылым. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Отандық автокөлік құрастыру өндірісі қанатын кеңге жая ала ма?» атты мақалада.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының шапағаты биыл 200 мың қазақстандыққа тигелі отыр және бұл тек кадр мәселесін ғана қамтымайды. Бағдарлама аясында еліміздің ауылдық аймақтарында тұратын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі деп күтілуде. Сонымен қатар аталмыш бағдарлама елдегі ең көп сұранысқа ие болып отырған мамандарға деген зәрулікті жоюға ықпал етеді. Өткен «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы алғаш жүзеге асырылған жыл болды. Аталмыш бағдарламаның нәтижелері кеше Үкімет отырысында талқыланды. Ол туралы толық мәліметтерді білгіңіз келсе, «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Вопрос кадровый, первостпенный. Программа занятости - 2020: итоги прошлого года и нововведения» атты мақаланы оқыңыз.