Аударыспақтан Азия чемпионаты: Бас жүлде - Алтын белдік және автокөлік
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аударыспақтан Азия чемпионатында абсолютті чемпионның «Алтын белбеуі» сарапқа салынып, бас жүлдеге темір тұлпар тігіледі.
Бұл туралы бүгін Аударыспақтан 1-ші ашық Азия чемпионатының ұйымдастырылуына орай өткен брифингте ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мәлім етті.
«Бұл тұңғыш рет тарихта өткелі тұрған жарыс. Бұрын-соңды аударыспақтан мұндай халықаралық дәрежедегі шара болған емес. Бұл жарысқа әлемнің 12 елі өз өтініштерін білдіріп, оның 11 елі келді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, аударыспақ ат үстіндегі көшпелі бабаларымыздың соғыс өнерінің бүгінгі күнге жеткен айрықша саласы, дәстүрі деп айтуға болады.
«Осы байрақты бәсекеге 11 мемлекеттің құрыш қолды, тақымы тастай болған палуандары қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл жобаға Қытай, Ресей, Түркия, Венгрия, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия және Қазақстанның сайдың тасындай іріктелген споршылары арасынан Азия құрлығындағы аударыспақтан ең мықты палуан анықталады. Чемпионат 70, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша өтеді. Жарыстың соңында жеңіске жеткен палуандар абсолютті чемпион атағын сарапқа салатын болады. Дүбірлі доданың бас жүлдесі «Алтын белдік» және автокөлік», - деді Б.Тілеухан.
Айта кетейік, аударыспақтан Азия чемпионаты ертең елордадағы «Қазанат» ипподромында басталады.