Аударыспақтан Азияның абсолютті чемпионы Біржан Қосалиев су жаңа «Тойота» көлігін мінді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Қазанат» ипподромында тұңғыш рет Аударыспақтан І ашық Азия чемпионаты өтті.Тартысқа толы жарыста Азия чемионатының бас жүлдесі мен абсолютті чемпионы атағын Қазақстан палуаны Біржан Қосалиев жеңіп алды. Оған чемпионаттың «Алтын белбеуі» тағылып, су жаңа «Тойота» жеңіл көлігі сыйға тартылды, деп хабарлайды «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі твиттердегі парақшасында.
«Аударыспақпен шұғылданып жүргеніме бес жылдай болды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның екі мәрте чемпионы атағын жеңіп алдым. Азия чемпионатына екі айдың шамасында дайындық жүргіздім. Жеңіске жетуімнің бір сыры, палуандардың әдіс-айласын танып, әлсіз тұстарын мұқият қадағалап отырдым», - деді жеңімпаз. Бүгінгі күнде аударыспақ тек Қазақстанда емес, сондай-ақ Ауғанстан, Әзірбайжан тіпті Венгрия мемлекеттерінде дамып, үлкен қызығушылық тудыруда. Чемпионақта тың дайындықпен келген Моңғолия командасы өздерінің мықты қарсылас екендіктерін таныта білді. Айта кетейік, аударыспақтан ІІ Азия чемпионаты арада екі жылдан соң, яғни 2016 жылы Қытайда өтетін болды.