Аудиторлар мемлекеттік сатып алу сайтынан 1 трлн теңгенің заңсыздығын анықтаған
Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Ренад Ахметов 8 айда мемлекеттік сатып алу лоттарынан 1 трлн теңгенің заңсыздығын анықталып, жолы кесілгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл басынан бері камералдық бақылау шеңберінде 10,1 трлн теңгеге 353,1 мың мемлекеттік сатып алу лоты қамтылды. Соның қорытындысы бойынша тиісті хабарламаларды жолдау арқылы 46,1 мың лот бойынша жалпы құны 1 трлн теңге болатын бұзушылықтың жолы кесілді», - деді Ренад Ахметов.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласындағы жүйелі бұзушылықтардың ең жиі кездесетіндері мыналар:
- жекелеген әлеуетті өнім берушіге артықшылық беру;
- әлеуетті жеткізушілер үшін жұмыс тәжірибесін қате қолдану;
- негізсіз талаптарды белгілеу арқылы әлеуетті өнім берушілер шеңберін тарылту;
- тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен шарттарды негізсіз жасасу.