Әуе апатына ұшыраған дәрігерлер өлім аузындағы науқас үшін келе жатқан
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Кеше Алматы маңында әуе апатына ұшыраған дәрігерлер Түркістандық келіншекті қарауға келе жатқаны белгілі болды. Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Клиникалық аурухананың жансақтау бөлімі меңгерушісі Вячеслав Цайдың сөзіне қарағанда, 16 қыркүйек күні босанған Түркістандық келіншек емдеу мекемесіне ауыр халде жеткізілген. Оны емдеу шаралары қиынға соққандықтан Алматыдан білікті дәрігерлер шақыруға тура келіпті.
«Науқас әйел бізге 2 қазан күні өте ауыр жағдайда түсті. 6-шы рет жүкті болған келіншектің бауыры ауырған. Ол осы ауыруына байланысты 2015 жылдан бері есепте тұрған. Босанғанн кейін ауруы асқынып кеткен. Бұл жағдай ауру асқыннан кейін реакция беру салдарынан болған. Әйелдің жағдайы екі күннен бері ауыр күйінде қалып отыр. Бізге келгенде есін білгенімен жағдайы тым ауыр деп бағаланды. Жасанды тыныс аппаратына қосып, демалуда. Біз мұндай кезде санавиация, яғни білікті дәрігерлерді шақыртамыз.
Біз науқасты емдеуге қауқарымыз жетпей жатқандықтан екінші рет санавиация шақырттық. Ол бойынша дәрігерлер келетін келмейтіні республикалық деңгейде шешіледі», - дейді жансақтау бөлімінің меңгерушісі.
Дәрігердің сөзінше науқас әйелдің сәбиі қазір Түркістанда, дәрігерлердің бақылауында.
Вячаслав Цай сондай-ақ ұшақ апатында қаза тапқан дәрігерлерді бұрыннан танитынын бұған дейін де өңірге бірнеше рет шақырылғандығын айтты.
«Бұл мамандар бізге бұған дейін де жиі келетін. Бізге көмектесіп, ақыл-кеңестерін беріп жүрді. Әрине, сондай жандардың өліміне біздің шақыртуымыз себеп болғаны өкінішті. Ол кісілерге қай кезде болмасын хабарласып, ақыл-кеңес сұрасаң жоқ демей, бәрін түсіндіріп айтып беретін. Кез-келген уақытта бізден көмегін аяған емес»,- дейді Вячеслав Цай.
Еске салайық, 3 қазан күні Алматы-Шымкент бағытында санитарлық авиарейсін орындаған «АН-28» ұшағы сағат 18:47-де Алматыдан 28 шақырым қашықтықта родардан жоғалып кетті. Сосын сағат 19.15-те ұшақ Алматы облысы Іле ауданының Междуречинск ауылы маңында апатқа ұшырап, өртенгені хабарланды. Бортта болған 5 адам қаза болды.