«Әуе билетінің құнына не әсер етеді?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда сәуірдің 21-і, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Әуе билетінің құнына не әсер етеді?» - республикалық  басылымдарға шолу

«Алатаудың ар жағында анархия орнаған ба дерсіз. Мемлекеттік атрибуттарсыз, мәселен, Президентсіз, Парламентсіз, Констициялық Кеңессіз, Конституциясыз, мемлекеттік аппаратсыз жұмыс істеп жатқан Уақытша үкімет елдің түкпір-түкпірінде бұрқ еткен бүліншілікке тыйым сала алмай әлек. Кейбір сарапшылар «Роза төңкерісі» деп айдар тағып үлгерген бүліктің бүліншілікке ұласып қана қоймай, сыртқы алпауыттардың тасадан айтақтауымен қырғыз ағайынның 38-ші параллельмен екіге айрылған кәріс трагедиясының кебін құшу қаупі бар. Оңтүстік пен солтүстіктің жіктелгені аздай, қабаттасқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бел алып барады»,-деп жазды «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі саны. Көршіміздің бүгінгі жағдайы туралы толығырақ газеттегі «Айыр қалпақты анархия» атты мақаладан оқи аласыздар.

Исландиядағы жанартау салдарынан туындаған авиаколлапс күллі Еуропа экономикасына орасан зор шығын әкелді. Қазақстанның да әуе компаниялары Еуропа бойынша ұшу бағыттарын тоқтатып отыр. Ол өз кезегінде тасымалдың осы түрі бойынша жасалатын барлық операцияларды кідіртіп, салаға шығын келтіруде. Бұл жайт онсыз да бізде қымбат сала болып табылатын әуе тасымалының мәселесін одан сайын күрделендіре түсірмесе, жеңілдетпесі анық. Жалпы, еліміздегі әуе тасымалының қызметі неге қымбат, ол мәселені қалай шешуге болады? «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі саны осы сауалға жауап іздепті. Тақырыпты арқау еткен мақала «Әуе билетінің құнына не әсер етеді?» деген атпен берілген.

Сондай-ақ «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой-көкпар» айдарында «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті Хайролла Ғабжәлеловпен «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова «Шетел қаржысына тәуелді үкіметтік емес ұйымдардың ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруі мүмкін бе?» деген сауал төңірегінде пікір таластырыпты.

***

Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басын­да­ғы төрағасы, Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Мемлекеттік хатшы­сы - Сырт­қы істер министрі Қа­нат Саудабаев Қырғыз Республи­ка­сына барып қайтты. Бұған дейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде өз әлеуетін Қырғызстанның бейбіт дамуына бағыттауға ұмтылатынын айтқан болатын. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Ынтымақсыз ырыс болмайды, ырыссыз ел оңбайды» деген тақырыппен беріліпті. «Қорыта келгенде, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қырғызстандағы саяси дағ­дарыстан шығуға, оның демокра­тиялық бағытпен дамуына ықпал жасамақ. Мұндай ықпал Қазақстан тарапынан да жасалатыны белгілі болып отыр. Ендігі мәселе - уақыт­ша билік жұмысын заңдық арнаға түсіріп, елдің әлеуметтік-экономика­лық мәселелерін шешу. Егер оған қырғыз ағайындардың өзі қолұшын бермесе, ынтымақ таныт­паса, онда мәселе де оң шешіл­мейтіні анық»,- дейді басылым.

«2010 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша экономиканың барлық негізгі салаларында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтар­лық­тай өсім байқалады. Мәселен, бірінші тоқсанда 2009 жылдың бірінші тоқса­нын­дағы көрсеткіштермен салыстырғанда өнер­кәсіп 11,5 пайыз, ауыл шаруашылығы - 2,4, сауда - 11,5, көлік - 5,2, байла­ныс 4,5 пайыз өсімге қол жеткізген. Эко­номиканың барлық саласына салқынын тигізген әлемдік қаржы дағдарысынан кейін бұлайша көтерілу үрдісі басқа ешбір елдің даму тәжірибесінде орын алған жоқ»,-деп жазған «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала «Алғашқы тоқсан асулары» деген тақырыппен Қазақстан экономикасының серпінді даму арнасына қайта түскендігіне тоқталыпты.

Сондай-ақ аталған басылымның бүгінгі санында сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметовтың «Мұсылмандарды кемсіту мен шеттету» атты мақаласы жарық көріпті. Мақалада автор бұл үдерістердің ЕҚЫҰ аумағындағы себеп-салдары мен оларды еңсерудің түйінді жолдарын қарастырады.

***

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Британия үкіметінің халықаралық сауда және инвестиция жөніндегі арнаулы өкілі Йорк герцогы ханзада Эндрю Альберт Кристиан Эдуард Уиндзорскийді қабылдады. Кездесудің егжей-тегжейін «Айқын» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Ағылшындар Қазақ елімен ынтымақтастығын дамытуға бейілді» атты мақаладан оқи аласыздар.

«Адамнан айла асқан ба?» Осы тақырыппен берілген аталған басылымның бүгінгі санындағы келесі мақала мемлекеттік сатып алу үдерісінің тетігі жеңілдетілгенімен, ондағы бармақбастылық азаймай отырғанын сынға алыпты. «Мемлекеттік механизм мен бизнес арасындағы қатынастар тізбегіндегі бармақ басты, көзқыстылық мемлекеттік сатып алу саласында басым дамыған. Бұл туралы кәсіпкерлер мен бизнесмендер арасында жүргізілген сауалдарда айтылды. Олай болатын да жөні бар. Себебі мемлекеттік сатып алулар көлемі 600-700 млрд теңгені құрап, бұл сома жыл сайын өсе түспек. Көзін таба білетін пысықтар үшін бұл дегеніңіз, нағыз мол қазына. Айлаңды асыр да, теспей сора бер»,-деп жазады басылым.

Жуырда Алматыда грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Айқынның» өткен сандарының бірінде жарыстың қалай өткендігі және жеңіс тұғырына кімдер көтерілгені жазылған болатын. Ал, басылымның бүгінгі саны аталған спорт түрінің даму барысы жайында әңгіме қозғапты. Грек-рим күресі еліміздің қай өңірінде ойдағыдай өркендеп келеді? Бұл туралы білгіңіз келсе, газеттегі «Байрақты бәсекелерде алдыңғы лектен көрінуге тиіспіз» атты мақалаға назар аударыңыз.